Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

UNESCO-да Алтын Орданың 750 жылдығы аталып өтті

2019 жылдың 15 мамыр 2019 15:40

ПАРИЖ. ҚазАқпарат - Парижде өтіп жатқан Халықаралық Түркі Академиясының «Ұлы дала: мәдени мұра және әлем тарихындағы рөлі» атты форумында Алтын Орданың 750 жылдығы аталып өтті. Бұл туралы Халықаралық түркі академиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған халықаралық іс-шараға Америка Құрама Штаттары, Ресей, Үндістан, Қытай, Ұлыбритания, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Франция, Латвия, Голландия және Мажарстан сынды елдерден 70 -ке жуық ғалым және UNESCO өкілдері қатысты.

Ғылыми талқылау Түркі Академиясының Парижде UNESCO-мен бірлесіп өткізген «Ұлы дала: мәдени мұра және әлем тарихындағы рөлі» форумы аясында өтті. Алқалы басқосуда әлемге танымал түркологтар Алтын орда мен Талас құрылтайының 750 жылдығына орай ойларын ортаға салып, ғылыми қауымның назарына тың деректер мен жаңа тұжырымдарды ұсынды.

Атап айтқанда, белгілі түркітанушы, Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамилоғлы «Алтын Орда және оның әлемдік өркениетке жасаған ықпалы», РФ Татарстан Ғылым Академиясы А.Х. Халиков атындағы археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Айрат Ситдиков «Алтын орда археологиясы: зерттеудің жаңа сатысында», Өзбекстан Республикасы Ә.Науаи атындағы университеттің профессоры Ғайболла Бабаяров «Қаған» және «Хатун» титулдары жазылған ескі түрік монеталары», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айболат Көшкімбаев «Алтын орда түркі халықтарының тарихында», Қырғыз Республикасы Білім министрлігінің қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Арслан Койчиев «Моғолстан және оның қырғыз, қазақ халқы тарихындағы орны» тақырыптарында баяндама жасап, ауқымды ғылыми мәліметтер мен жаңа көзқарастарын зиялы қауымның талқысына ұсынды.

Форумға жиналған қазақстандық және шетелдік ғалымдар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Еуразия кеңістігіндегі тарихи үрдістерді жүйелеу мен оған жаңаша көзқарас тұрғысынан қарауда өте құнды екенін айтты. UNESCO өкілдері мақаладағы жылқының қолға үйретілуі, Ұлы даладағы ежелгі металлургия және аң стилі сияқты құнды дүниелердің әлемдік мәдениет пен өркениетте ерекше орны бар екенін атап өтті.

Сондай-ақ биылғы жиында түркі тілдес елдердің тарихында айрықша орны бар Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасының жазылуының - 950, ақын Имадеддин Насимидің - 650 жылдығы секілді айтулы тарихи даталарға байланысты талқылаулар мен пікір алмасулар ұйымдастырылды. Іс-шара UNESCO Бас директорының қамқорлығымен және UNESCO жанындағы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Түркияның Тұрақты өкілдіктерінің белсенді қолдауымен өтті.

Жоғары қарай