Ауа райы
Астана 35 °С
Алматы 34 °С
валюта бағамы
USD 383.43
EUR 432.47
RUB 6.12
CNY 55.78

Қазақстанда жабайы бүркіт саны артты

2019 жылдың 29 сәуір 2019 19:57 847

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жабайы табиғаттағы бүркіттерді есепке алу жөніндегі арнайы экспедицияның қатысушыларымен кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үлесіңді қос. Табиғатты аман сақтап қал» атты жобаның аясында «Сұңқар» тәлімбағы  10 сәуірден  20 сәуірге дейін экспедицияға шықты.

Мамандар Алматы облысындағы Арқарлы және Малайсары, Үлкен және Кіші Бөгіт, Сүйғоты таулары, Торайғыр және Шарын жоғарғы жағын шарлап, жабайы бүркіттердің ареалын зерттеді.

«Жобаны 2012 жылдан бастадық. Бүркіт - тек қана құс емес, ол мемлекеттік жалауымызда бейнеленген Қазақстанның ұлттық символы. Бүркіт Қазақстанның Қызыл кітабына енген құс болғандықтан, оның жойылып бара жатқандығы бізді алаңдатады», - деді «Эфес Қазақстан» ШС АҚ корпоративтік қатынастар департаментінің директоры Шыңғыс Қаскеев.

Шыңғыс Қаскеев соңғы 7 жылда  бүркіттердің саны артқанын айтты. Экспедиция қорытындысына сәйкес, зерттелген аумақта мекендейтін бүркіттердің саны 36-ға жетті. Мамандар 14 тас түлек пен 11 бүркіт жұбын тіркеген.

«Біздің есептеуімізше, Алматы облысында 11 ұялас жұп пен 11 үлкен, яғни 22 бүркіт бар. Сондай-ақ, 3-5 жас аралығындағы бүркіттерді кездестірдік. Бірақ, олар бұл жаста көбейе алмайды. Бүркіттер 5-6 жастан бастап көбейеді. Жалпы олар 50-60 жыл өмір сүреді», - деді орнитолог, топ жетекшісі Сергей Шмыгалев.

Сергей Шмыгалевтың айтуынша, бірінші кезеңде - Жоңғар Алатауы тау сілемдері , екінші кезеңде Іле Алатау аумағын және алты жыл бойы бүркіттер еркіндікке жіберілген Алматы облысының жерлері қаралған. Экспедиция 20 күннің ішінде 2000 шақырым жүрген.

Жабайы табиғатта бүркіттер кеміргіш, тасбақа, сарышұнақ, қоян және басқа да құстармен қоректенеді.

Онымен қоса, «Сұңқар» тәлімбағында 25 бүркіт балапаны өсіріліп, табиғат аясына жіберілді. Бұдан бөлек, оның арасында ителгі құстары да бар. Бұл уақыт ішінде олардың 50 миллион теңге қаражаты жаратылған.

Қазақстан аумағында мекендейтін бүркіттердің санын есептеу соңғы мәрте жеті жыл бұрын өткізілген. 2012 жылдағы есепке алудың нәтижесі және орнитологтардың бірқатар бағалауы бойынша бүркіттердің популяциясы азайған, Үлкен және Кіші Бөгет аймағында (Алматы облысы) бар-жоғы 4-5 жұп қана қалған.

«Сұңқар» тәлімбағының директоры Ашот Анзоров бүркіттерді қорғау жұмыстарын тоқтатпайтындарын айтты. Келесі экспедиция 5-6 жылдан кейін тағы қайталанады.

 

 

Автор Гүлмира Ғосманәли
Басты сөздер: Алматы, Экология,
Жоғары қарай