Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

Өзге тілдерден термин қабылдау делдал тілдің көмегінсіз жасалуы тиіс

2019 жылдың 22 сәуір 2019 12:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Латын графикасына көшуді кезең-кезеңімен жүзеге асыру барысында атқарылатын жұмыстар ауқымы аз емес. Соның бір бағыты терминология саласы. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыс тобы соңғы 40 жыл ішінде қазақ тіліне бейімделген немесе аударылған жиі қолданылатын 2000 терминнің тіркелімін дайындаған екен. 500 беттік ағылшын, орыс және қазақ тілдерінде шет тілдер терминдерінің сөздігі жобасы әзірленді. Осы жұмыс аясында кірме терминдерді тіл заңдылықтарына сәйкес игеру мәселелері туралы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Терминология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Қарлығаш Айдарбекпен сұхбаттасқан едік.

- Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - сол ұлттық кодыңды сақтай білу», - дей келіп, ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту қажеттігін баса айтқан еді. Осыған байланысты «тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани код» ретінде ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының еңбектерін, тілтанымдық мұрасын әрдайым назарда ұстауымыз туралы айтып берсеңіз?

- Шеттен енген термин сөздерді қазақ тілінің заңдылықтары бойынша бейімдеуде Ахмет Байтұрсынұлы, Хәлел Досмұхамедұлы, Елдес Омаров, Қошке Кемеңгерұлы сынды ағартушы ғалымдардың ұстанымдарын басшылыққа алу қажет. «Еңбекші қазақ» газетінің 1929 жылғы 27 наурыздағы санында жарық көрген мақаласында А.Байтұрсынұлы сөз басына ереже жасауға болмайтынын, ондай емле қолайлы, оңай емле болмайтынын ескерткен болатын. Сондықтан шеттілдегі термин сөздерді қазақ тіліне бейімдеген кезде А.Байтұрсынұлы бастаған зиялылардың еңбектерінің негізінде қазақ тіліндегі нормаларды нақтылап алып, сол принциптерге бағындыру қажет.

Қазақ тілінде дыбыстардың тіркесуінде заңдылық бар. Мысалы : Сөз басында екі дауыссыз қатар келмейді. Екінші - екі дауысты дыбыс қатар келмейді. Үшінші - сөз соңында үнді мен қатаң дыбыстардың тіркесі ғана (қант, жент, қарт, салт т.с.с.) келген, басқа дыбыс тіркесі (қатаң мен қатаң, үнді мен үнді, қатаң мен үнді, ұяң мен ұяң т.с.с.) қазақ тіліне жат.

Сондықтан шет тілден енген сөздердегі жат қолданыстарды қазақ тілінің заңдылығына бейімдеу керек. Яғни съезд, подъезд, разъезд, т.с.с. сөздердегі д әрпін түсіріп жазу керек. Қазіргі кезде поезд сөзі пойыз түрінде жазылып жүр. Осы ұстаным басқа сөздерге де қолданылуы керек.

- Қазіргі кездегі мемлекеттік тілдің терминологиялық қорының үлесі қанша?

Мемлекеттік тілдің терминологиялық қорының үлесі былайша анықталды: қазақ тіліндегі терминқордың жалпы саны - 333 000 (100%); халықаралық терминдер - 33 479 (10,6%); ұлттық тіл негізінде игерілген халықаралық терминдер - 6 317 (1,90%); өзге тілді терминге ұлттық тіл қосымшалары жалғануы арқылы жасалған терминдер - 293 204 (87,5%).

Бұдан бөлек, терминологияларға қойылатын нормативтік шарттар деген бар. Бұлар:

Жүйелілік

Бірізділік

Термин мен ұғымның бірмағыналылық сәйкес келуі

Семантикалық дәлдік

Қысқалық

Терминдер жарыспалылығы мен варианттылығын айқындап, қажеттілерін енгізу.

- Осы орайда қазақ терминжасамының ғылыми қағидаттарына тоқталсаңыз?

Біріншіден, Ұлттық терминқор қалыптастырудың ішкі көзі қазақ тілінің лексикалық байлығы мен сөзжасам тәсілдерін барынша ұтымды пайдалануға міндеттіміз. Сонымен қатар, қазақтың өз тілінен табылмаған терминдерді басқа түркі халықтарынан іздеуіміз керек. Үшіншіден, Еуропа халықтарының бәріне де сіңіп кеткен жалпы жұртқа ортақ терминдерді қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне икемдеп алу жолдарын назардан қағыс қалдыруға болмайды. Ондаған жылдар бойы орыс тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген терминдік атауларды мүмкін болғанынша қазақшаға аударып қолдану, аударуға келмейтіндерін қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау мәселелерін жетілдіруіміз керек.

Осы қағидаттарды негізге ала отырып айтпағым, барлық әлем тілдеріндегі қабылданған терминжасам принциптері бар. Соны ескерсек екен. Атап айтқанда, Біріншіден өз тілі негізіндегі терминжасам. Екіншіден өзге тілдерден термин қабылдау. Бұл тұста басты назарға алынатын екі принципті ескеруіміз керек. Дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсек, өзге тілдерден термин қабылдау барысында әлем тілдері негізгі екі қағидаттың бірін басшылыққа алады. Ол - Орфографиялық және Орфоэпиялық принцип. Осы тұрғыда, терминдерді латын графикасы негізінде қабылдауға байланысты А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты терминология бөлімінің ұстанымы - Қазақ терминжасамында терминдерді латын графикасы негізінде қабылдауда орфоэпиялық принцип басшылыққа алынуын қолдайды. Осындай жағдайда, өзге тілдерден терминдерді қабылдауда делдал тілдің (орыс тілі) көмегінсіз тікелей түпнұсқа тілден алуға болады. Бұған қоса, қазақ тілінің терминжасам элементтері мағынасына қарай барынша тиімді пайдаланылады.

Үшіншіден, қазақ тілінің терминжасам элементтерінің мүмкіндігі болмаған жағдайда терминдер түпнұсқа тілдің транскрипциясына (орфоэпиясына) орай латын графикасында таңбаланады.

Ең бастысы, түпнұсқа тілдің транскрипциясы (орфоэпиясы) негізінде латын графикасында таңбалау барысында өзге тілдерден енген терминдер қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшеліктері мен үндестік заңына сәйкес қолданылады.

Әңгімеңізге рахмет.

Фото: tbi.kz

Жоғары қарай