Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Ақтөбелік студент әлем жұлдыздарының портретін қарындашпен қағазға түсіреді

2019 жылдың 21 сәуір 2019 20:16

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік студент Айя Спамбетова жарты жылда ондаған әлем жұлдызының портретін қағазға түсірді. Әнші Димаш Құдайберген мен боксшы Геннадий Головкин мен марқұм Денис Тен де оның туындылары арасында бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айя Спамбетованы анасы көзінің қарашығындай аялайды. Бала кезінде құрбы-құдастарымен тең ойнап, жүгіріп жүрген сәтінде дертке шалдығып, төсекке таңылды. Содан бері емдеу-сауықтыру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. Бауыр еті баласы үшін бар ғұмырын арнап, оны қатарынан озық етіп өсіріп отырған ана бүгінгі жетістігіне шын қуанады. Себебі Айя Спамбетова мектепті үздік аяқтап, «Алтын белгі» алды.




«Қызым 8 жасынан сурет сала бастады. Ақтөбедегі металлургтер мәдениет үйіне 4 сыныпта барып, сурет салу үйірмесіне қатысты. Кейін 2013 жылдан бастап қалалық оқушылар сарайындағы балалар шығармашылық академиясына түсті. Онда да 5 жыл оқып, курсты аяқтады. Республикалық, халықаралық шеберлік сабақтарына қатысып, кәсіби біліктілігін шыңдады. Қазір Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде график-дизайнер мамандығы бойынша білім алып жүр. Бұл оның өз қалауы», - деді анасы.




Жоғары оқу орнын таңдамас бұрын Айя мен оның анасы Сандуғаш зерттеу жүргізді, ыңғайлысына тоқталды. Себебі Айя тоқсан сайын ем алып, сауықтыру шарасын жүргізеді.




«Қызым - менің депозитім. Бар уақытым мен күш-жігерімді осы қызымның болашағына арнаған адаммын. Адамдар Айяның арбада отырғанын көріп мүсіркеп, аяғанын қаламаймын. Ол да құрбы-құрдастарымен тең дәрежеде сабаққа келеді, білім алады. Айяның қолынан іс келетінін, оның өз шыңы, жетістігі бар екенін, ешкімнен кем емес, кейде алда жүретінін көруі тиіс. Бұл жолда біз аянбай тер төгіп жүрміз. Қазір бәрі қызыммен тең сөйлеседі», - деді С.Спамбетова.




Айя музыка тыңдағанды да ұнатады. Димаш Құдайбергеннің әндерін және Qpop пен Kpop тыңдайды. Әрі ол «Ақтөбе» хоккей командасының жанкүйері. Студент шағындағы алғашқы көрмесі көпшілікті таңқалдырды, тамсандырды. Себебі ол 7-8 айдың ішінде алпыстан астам адамның бейнесін айнытпай қарындашпен қағазға түсірді. Олардың арасында ұстаздары мен дәрігерлері, қамқоршылары және жанашырлары бар. Ол өз туындысын сатпайды, көбіне сыйға тарту етеді. Айя негізі суретші емес, сәнгер болуды армандаған екен. Қазір өз ойын басқа арнаға бұрып, дизайн саласын таңдады.




Университетте «Үздік студент» медалін алды. Сонымен қатар мемлекеттік гранттан өзге, жоғары оқу орны жанынан берілетін шәкіртақыға ие болды.




«Qpop пен Kpop және Димаш Құдайбергенді тыңдаймын. Хоккей қараймын. Портретті де сол топтардың әнін тыңдаған соң, Ақтөбенің хоккей командасына жанкүйері болғанда сала бастадым. Белгілі бір уақытты нақтылап, сурет салу керек деген ой жоқ. Дегенмен жанымда үнемі қағаз бен қарындаш болады. Ағылшын тілі мен кәріс тілін жетік меңгергім келеді. Университетті аяқтаған соң мамандығымның шебері болуды армандаймын. Бәрі де «менің суретімді салып берші» деп өтініш айтады. Сәті түскенін фотосурет болса салып беремін. Бәрін фотодан қарап, қағазға түсіремін», - деді Айя Спамбетова.

Анасының айтуынша, Айя ауруханада 2 апта ем қабылдап, бос уақытының бәрін портерт салуға арнады. Сол күннен бастап қарындаш пен қағазын тастаған емес.




«Өзім «28 ілмек» клубының еріктілер қатарындамын. Мәселен, Айяны сабаққа әкелемін, өзім шала туған балаларға арнап киім мен көрпеше тоқимын. Ақтөбеде арнайы клуб бар, өзіміз апта сайын жиналып, тоқумен айналысамыз», - деді анасы.

Айя Спамбетоваға бәрі үлкен құрметпен қарайды. Мәселен, «Ақтөбе» хоккей командасы Айя 18 жасқа толғанда ерекше сый жасап, оны мұз айдынына шығарды.




Өнер адамдары да Айяның талабы мен кәсіби шеберлігін бағалап, үнемі жылы лебіздерін білдіріп отырады. Мұның бәрі студентке жігер беріп, армандарға жетелейді.

Жоғары қарай