Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

Нұр-Сұлтанда тіл тазалығын сақтау шаралары қалай жүріп жатыр

2019 жылдың 13 сәуір 2019 20:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік тілдің әлеуетін көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Басқарма мемлекеттік мекемелердегі тіл нормаларының сақталуына мониторинг жүргізу, көше атауларын ретке келтіру, тарихи тұлғалардың есімдерін ұлықтау, қазақ тілінде сапалы контентті дамыту, қазақ тілі курстарын ұйымдастыру, мекемелер, жекелеген азаматтар арасындағы интеллектуалдық сайыстар, азаматтардың шағымдары бойынша кездесулер өткізу және тағы басқа шараларды атқарады. Осы тұрғыда ҚазАқпарат тілшісі бас қаладағы мемлекеттік тілдің ахуалы мен тіл тазалығының сақталуы жайында білу үшін Нұр-Сұлтан қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеппен тілдескен болатын.

«Кез келген мемлекеттің дамуы, ең әуелі, елдің өркендеуіне атсалысатын азаматтық қоғам институттарының қызметіне байланысты. Тілдің жағдайы да осы сияқты. Мемлекеттік органдар да, ел азаматтары да кешенді түрде әрекет еткенде іс оңалары анық. Сондықтан, біз көптеген шаралар ұйымдастырып, азаматтарды, жалпы көпшілік қауымды акциямызды қолдап, қал-қадерінше тіл тазалығын сақтауға үлес қосуға шақырамыз», - дейді Сәкен Есіркеп.

Оның айтуынша, өткен жылы құрылған басқармаға қарасты «Руханият» мекемесі біраз жұмыс атқарып жүр. Бүгінде онда 1500 адам қазақ тілін меңгеруде. Және алдағы айдан бастап латын әліпбиін оқыту жұмыстары басталады.

Сондай-ақ, басқарма басшысының орынбасары бүгінде «Тіл тазалығы - баршаға ортақ іс» атты қалалық акцияның басталғанын айтып өтті.

«Шараның мақсаты - мемлекеттік тілдің көрнекі ақпараттардағы, ішкі және сыртқы деректемелердегі қолданыс аясын кеңейту, тиісті азаматтар мен мекемелерге әдістемелік көмек көрсету, қала тұрғындары мен қонақтарын тілдің әлеуетін көтеруге жұмылдыру. Акцияның тағы бір ерекшелігі - аудан-аудан, жер-жерде тіл тазалығы үшін жұмыс жүргізіп қана қоймай, ұлттық салт-дәстүрімізді де насихаттап отырамыз деген жоспар бар. Біз былтыр қала көлемінде жарнамаға қатысты екі ауқымды акция өткіздік. Біріншісі сәуір, мамыр айларында өтіп, қала бойынша 14 даңғыл мен 85-тен аса көшеге рейд жүргізілді. Нәтижесінде заңға сәйкес емес 500-ден аса жарнама алып тасталды. Жеке кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсетілді. Сонымен қатар, түзетілмеген 600-ден аса сыртқы (көрнекі) жарнаманың заңға сәйкес келмейтіні анықталып, 4 ауданға арнайы фотосуреттерімен хат жолданды», - деді ол.

Одан бөлек, басқарма басшысы орынбасарының дерегіне сүйенсек, өткен жылдың қазан-ақпан айларында «Жарнамадағы тіл тазалығы - баршаға ортақ іс» акциясы ұйымдастырылған. Жалпы, 900-ден аса көше қаралып, жеке кәсіпкерлерге заң талаптары түсіндірілді. Нәтижесінде былтыр жыл бойы 1000-нан аса заң талаптарына сай келмейтін жарнама мен көрнекі ақпараттар алынып тасталған.

Қалалық басқармада жарнамаға қатысты жасалып жатқан жұмыстардың тағы бір көрінісі - өткен айда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Нұр-Сұлтан қалалық филиалымен кәсіпкерлерге әдістемелік, құқықтық қолдау көрсету мақсатында екіжақты меморандум жасалды.

«Жарнамадағы қателердің көпшілігі заңды білмегендіктен орын алып жатады. Кәсіпкерлер біріншіден Тіл туралы заңнама талаптарын бұзса, екіншіден қатені қайта түзетіп ілу арқылы қосымша шығынға батады. Сондықтан осы салада бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласып, арнайы іс-шаралар жоспарын да әзірледік», - дейді С. Есіркеп.

Сонымен қатар, басқарма басшысының орынбасары өткен жылдың соңында «Жарнама туралы» заңға өзгерістер енгізілгенін де тілге тиек етті.

«Енді жарнаманы ілуші бізбен келіспесе де болады. Тек жарнаманы ілуден 4 жұмыс күні бұрын жарнама эскизін тіркеп, уәкілетті органға хабарлама жібереді. Егер мәтінде қате немесе өзге де кемшілік болса, ресми жауап беруге тиіспіз. Егер жауап берілмесе, жарнама заңды болып есептеледі. Бұл бап бүгіннен бастап күшіне енді. Жарнама туралы, тіл туралы заң талаптарын бұзғандарға ескерту беру, айыппұл салу мәселесінің барынша қиындауына байланысты іс те өнімсіз болып келді. Енді осы мәселе шешіледі деген үміттеміз. Біз өз тарапымыздан құзырлы органдарға да бірнеше рет ұсыныс ретінде осы мәселені айтқанбыз. Алдағы уақытта жарнаманы орналастыру туралы қалалық мәслихаттың ережесіне өзгерістер енгізіледі. Ереже жобасын Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы дайындайды. Біз өз ұсынысымызды береміз. Ресми ескерту беру, айыппұл салу мәселесі бойынша жауапты орган бекітіледі деп ойлаймыз», - деді ол.

Фото: elorda.info

Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Тіл,
Жоғары қарай