Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 383.98
EUR 430.63
RUB 6.11
CNY 55.83

ҚР Энергетика министрлігінің жауапты хатшысы ауысты

2019 жылдың 5 сәуір 2019 20:34 806

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрлігінің жауапты хатшысы ауысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының Өкімімен Талғат Амангелдіұлы Момышев Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды», - делінген хабарламада.

Ал, басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қанатбек Бейсенбекұлы Сафинов Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің жауапты хатшысы қызметінен босатылды. 

Талғат Амангелдіұлы 1968 жылы 4 тамызда Көкшетау облысының (қазіргі Ақмола облысы) Щучинск қаласында дүниеге келген. 1990 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «инженер-құрылысшы», 2001 жылы Алматы экономика және статистика институтын «бухгалтер-экономист» мамандықтары бойынша бітірген.
Өз еңбек жолында ол Жамбыл стандарттау, метрология және сертификаттау орталығы директорының орынбасары, «Интерсистема» ЖШС президенті, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас референті, Жамбыл облыстық инвестиция және ішкі экономикалық байланыс комитетінің төрағасы, «Метрология» РМК Алматы филиалының директоры, «Ұлттық акредиттеу орталығы» АҚ бас директорының бірінші орынбасары болып елеулі еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған. Сондай-ақ, «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ басқарма басшысы, Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технология министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.
Ал, 2016 жылдың қарашасынан бастап 2018 жылдың желтоқсан айына шейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.
2018 жылдың 28 желтоқсанынан соңғы тағайындалуға шейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болды.

Жоғары қарай