Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Елордада сатылымдағы кондитер өнімдерінен ішек таяқшасы табылды

2019 жылдың 31 наурыз 2019 16:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов Нұрсұлтанда адам денсаулығына қауіпті өнімдер сатылып жатқанын ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоға сілтеме жасап.

Биыл наурыз айында өнімдердің қауіпсіздігіне жүргізілген мониторинг кезінде «Астана нан торт» ЖШС шығаратын «Вкусняшка» (йогуртты, сүзбелі, корол торттары) кондитерлік өнімінен ішек таяқшалары шыққан.

Сондай-ақ «Беспалинова З.Р.» ЖК-ның «Марс» дүкенінде ішек таяқшасы толы, маркасы жоқ «Теңіз қырыққабат салаты», «Саңырауқұлақ салаты» сияқты өнімдер сатылғаны анықталды. Олардың қайда өндірілгені белгісіз. Бұлардан бөлек, мекенжайы көрсетілмеген «Respeсt inc» ЖШС өндірген «Ащы француз хот-догы», «Көнжітті, шұжықты француз сэндвичі» де бар.

«Айта кетейік, «Respeсt inc» ЖШС-нің қауіпті сэндвичтері 2018 жылы да сатылған. Бірақ БАҚ пен әлеуметтік желінің белсенділігінің арқасында азаматтар уланудан сақтанған болатын. Оның мекенжайы көрсетілмегендіктен, департамент тура былтырғыдай биыл да тексеріс жүргізе алмай отыр», - дейді ведомстводағылар.

Денсаулыққа қауіпті өнімдер арасында Қытайдан келген «Monster Elves» қуыршағы», «Lol Surprise» қуыршағы», «Lol Surprise», «BOY SERIES» сияқты ойыншықтар да бар. Астаналық базардағы «Мұқашев А.Д.» ЖК №053 дүкенінен табылған осы ойыншықтардың құрамында формальдегид бары анықталды.

Ойыншықтардың маркасында импорттаушы деректері де, шығарылған уақыты да, нарықтағы белгісі де, жарамдылық мерзімі де көрсетілмеген, тіпті мемлекеттік тілге аудармасы да жоқ.

«Қазіргі кезде анықталған қауіпті заттар тексеріліп, әкімшілік шараларын қолдану мәселесі қаралуда. Департамент «Золотой ключик», «Ақбота», «MARWIN» сияқты басқа да арнаулы дүкендердегі осындай ойыншықтарды тексереді. Оның нәтижелері туралы кейінірек хабарланады», - дейді департамент өкілдері.

Департамент елорда дүкендерінен қауіпті заттар анықталғанда, азаматтардан мына нөмірлерге хабар беруін сұрайды: 8 (7172) 31-61-81, 8 778 012 70 00.

Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Медицина,
Жоғары қарай