Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Футболдан Қазақстан чемпионатының үшінші тур ойындары басталды

2019 жылдың 30 наурыз 2019 22:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының үшінші тур ойындары басталды. Еліміздің үш қаласында қазақстандық клубтар өзара шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үшінші турдың алғашқы ойыны Павлодар қаласында өтті. Жергілікті «Ертіс» Қызылорданың «Қайсарын» қабылдады. Бүгінгі кездесуде екі команда да тең деңгейде ойын көрсетті. Кездесу тағдырын 91-минутта «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Мақсат Байжанов соққан жалғыз гол шешіп, қызылордалық клуб биылғы доп додасындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Биыл Премьер-лигаға қайта оралған «Тараз» командасы да алғашқы екі турдағы сәтсіздіктен кейін жеңіске жетті. Бұл жолы олар өз алаңында «Атырау» командасынан 2:0 есебімен басым түсті. Тараздықтар қатарынан Элгуджа Лобжанидже 71, Серж Ньюадзи 78-минутта қарсылас команда қақпасынан саңылау тапты.

Елорданың «Астана» клубы қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті. Елордалық футболшылар сапынан 26-минутта Марин Аничич есеп ашса, 58-минутта оның әріптесі Дорин Ротариу есепті ұлғайтты. Ойында «Астана» 2:0 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесінде жеке-дара көш басына шықты.

Үшінші турдың қалған ойындары 31 наурызда ойналады. Бұл күні «Ақтөбе» мен «Қайрат», «Шахтер» мен «Тобыл», «Оқжетпес» пен «Ордабасы» командалары кездеседі.

Ал төртінші тур ойындары 6 және 7 сәуір күндері болады. 6 сәуірде «Тобыл» мен «Ақтөбе», «Ордабасы» мен «Жетісу», «Қайсар» мен «Астана», «Қайрат» пен «Оқжетпес», «Ертіс» пен «Тараз» командалары кездессе, 7 сәуірде «Атырау» мен «Шахтер» клубтары шеберлік байқасады.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай