Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 36 °С
валюта бағамы
USD 383.01
EUR 430.12
RUB 6.10
CNY 55.70

Мадридте қазақстан-испан стратегиялық әріптестігін тереңдету мәселелері талқыланды

2019 жылдың 30 наурыз 2019 17:37 854

МАДРИД. ҚазАқпарат - Мадридте  қазақстан-испан стратегиялық әріптестігін тереңдету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және Испанияның Сыртқы істер жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Фернандо Валенсуэла 2019 жылғы 29 наурызда Мадридте өткен қазақстан-испан саяси консультациялары барысында екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге бет бұруды уағдаласты.

Кезекті саяси консультациялар барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық блок мәселелері, құқықтық базаны кеңейту, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзге де өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылды.

Консультациялар 2019 жылғы 2 шілдеде жасалған Қазақстан мен Испания арасындағы стратегиялық серіктестік туралы шарттың 10 жылдығы қарсанында өткізілді. Осы уақыт аралығында екі ел арасындағы қарым-қатынастар жетіле түсті. Атап айтқанда тұрақты түрде іске асатын жоғары деңгейдегі іссапарлар, әріптестіктің маңызды шарттық-құқықтық базасы, бірнеше есе ұлғайған екі жақты сауда айналымы және халықаралық құрылымдар шеңберінде орнатылған өзара қолдау механизмі.

Тараптар ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің бастамасын құрудағы тарихи рөлін аса атап өтті. Н. Назарбаевтың Испанияға сапарлары және Хуан Карлос І мен Фелипе VI Қазақстанға сапарлары екі жақты қатынастардың қарқынды дамуына себеп болды.

Испан тарапына Король Фелипе VI Елбасының атына Мемлекет басшысы ретінде жұмысын аяқтағаны  және Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Президенті лауазымына кіріскеніне орай құттықтау хаттары үшін алғыс айтылды.  

Ф. Валенсуэла Қазақстанның аймақтағы өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамалардың маңыздылығын атап өте отырып, Қазақстанның сындарлы және халықаралық аренадағы белсенді рөліне тоқталды.

Тараптар үстміздегі жылдың 19-20 наурызында Мадридте 80-ге жуық испан компаниялары қатысқан қазақ-испан «роуд-шоуының» табысты өткенін атап өтті. Онда екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықтың перспективалық жобалары талқыланғанын қолдады. Саяси консультацияларда цифрландыру, инфрақұрылымдық жобалар, ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешен, жаңартылатын энергетика, құрылыс, инженерлік, қорғаныс және аэроғарыш салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетудің кең әлеуетін атап өтті.

Испан серіктестерінің назары Қазақстанның географиялық орналасуын және еліміз арқылы өтетін көлік-логистикалық бағыттарын ескере отырып, қосымша құнмен бірлескен өнім өндірісін құрудың тартымдылығына баса назар аударылды. Қазақстан делегациясы «Астана» Халықаралық қаржы орталығы базасында іскерлік қатынастарды дамыту перспективаларына ерекше назар аударды.

Мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту туралы айта келе, испан тарапы испан тілін үйренуге мүмкіндік беретін Испания Елшілігінің Нұр-Сұлтандағы жаңа ғимаратында «Сервантес бұрышының» жақын арада ашылатынын жариялады.

Өз кезегінде Р. Василенко биылғы жылы Мадридте испан тіліндегі Елбасы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы және қазақ прозасы мен поэзиясының антологиясы ұсынылатының жеткізді. Сәуірдің соңында Мадридте «Equus: Жылқы Тарихы» деректі фильмінің премьерасы өтеді.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі басшысының орынбасарымен бірге Испания астанасына Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, ұлттық экономика, цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясының өкілдері келді.

Келіссөздердің соңында Р. Василенко «EFE» жетекші испан ақпараттық агенттігіне сұхбат берді. Сұхбат барысында екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективалары туралы өзекті сұрақтарға жауап берді, сондай-ақ Қазақстанның ішкі саяси өміріндегі соңғы өзгерістер туралы хабардар етті.

Анықтама ретінде: Испания сауда айналымы бойынша Қазақстанның ең ірі он сауда серіктестері қатарына кіреді. 2018 жылы екіжақты тауар айналымы 20% артып, $ 2.041 млрд. құраған. 2005 жылдан бастап 2018 жылдың III тоқсанына дейін Испаниядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағымы 205,4 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстанда испан капиталы бар 66 кәсіпорын тіркелген.



null 

 

Жоғары қарай