Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 383.01
EUR 430.12
RUB 6.10
CNY 55.70

Елордадағы көлік апатының тергеу қорытындысы БАҚ-та жарияланады - министр

2019 жылдың 28 наурыз 2019 21:56 915

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада екі күн бұрын қоғамдық көліктердің соқтығысуынан болған жол апатын тергеу қорытындысы БАҚ-та міндетті түрде жарияланатын болады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта белгілі болып отырғаны мына жай: біріншіден, автобус техникалық тұрғыда ақаусыз болған, оны пайдалану мерзімі екі жылдан аспаған. Онымен қоса, барлық көлік құралдары жолға шықпас бұрын техникалық тұрғыда тексерістен өткізіледі. Елордалық қоғамдық көлік туралы сөз қозғайтын болсақ, жалпы соңғы 5 жылда олар 70 пайызға жаңартылды. Екіншіден, бағдарға шықпас бұрын күн сайын автобус жүргізушілері медициналық тексерістен өтеді. Демек, қысым, тамыр соғысы, температура және өзге де жайлар тексеріледі», - деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуына қарағанда, елордадағы қоғамдық көлік жүргізушілерінің орташа айлығы 200-300 мың теңге аралығында.

«Әлбетте, бәрі де жүргізуші мен бағдардың деңгейіне байланысты. Жақында тіркелген қайғылы жағдай туралы айтар болсам, автопарк пен «Астана ЛРТ» тарапынан көз жұмғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына материалдық көмек көрсетілетін болады. Сонымен бірге, сақтандыру төлемдері де қарастырылған. Сол себепті, аталмыш жағдайда тек қайтыс болғандардың отбасыларына ғана емес, зардап шеккендерге де көмек беріледі. Бірақ, ең дұрысы, арнайы құрылған комиссияның тексеріс қорытындысын күткен дұрыс. Ол нәтиже БАҚ-та міндетті түрде жарияланатын болады», - деді ол.

Айта кетейік, осыдан екі күн бұрын елордада үлкен жол-көлік апаты болды. Қала маңына қатынайтын 301-ші бағдардың экспресс-автобус қатты жылдамдықпен бағдаршамда тұрған 12-інші автобусқа соғылды. Өз кезегінде 12-автобус екпінмен жедел медициналық жәрдем көлігі мен тағы бір автобусқа соғылды.

Салдарынан 301-ші бағдардың жүргізушісі және алдыңғы орында отырған бір жолаушы көз жұмды. 36 адам зардап шекті.

«Astana LRT» басшысы Бекмырза Игенбердиновтың айтуынша, зардап шеккендерге өтемақы төленеді.

 

 

 

Жоғары қарай