Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

Асанәлі Әшімов пен театр басшылары халыққа үндеу жолдады

2019 жылдың 26 наурыз 2019 17:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев жер-жаһанға көпұлтты, сан түрлі конфессия өкілдерінің бір шаңырақтың астында, бір мемлекеттің мүддесі жолында бейбіт өмір сүре алатынын паш етіп, Қазақстанды мойындатты. ҚР Театрлар қауымдастығы мүшелерінің ел азаматтарына арнаған үндеуінде осылай айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үндеуге ҚР Театрлар қауымдастығының президенті, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған бірқатар тұлға қол қойған. Олардың арасында ел өңірлеріндегі театрлардың басшылары бар.

«Дана халқымызда «Тарихты тұлғалар жасайды» деген қанатты сөз бар. Әр ұлттың өзіндік тарихын қалыптастырған ұлы тұлғалар болады. Бүгінгі заманның қаһарманы деп біз, яғни Қазақстан театрлар қауымдастығы Елбасы - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты білеміз. Ендеше, елордаға, сондай-ақ еліміз қалаларындағы үлкен көшелерге Тұңғыш Президенттің есімін беру, монумент орнату халық қаһарманына әбден лайықты іс.

Бұдан жиырма екі жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жарқын болашағы жолында қабылдаған тарихи шешімі, яғни мемлекеттің бас қаласын Ақмолаға көшіріп, қазіргі таңда әлемнің жас қаласы атанған Астананың негізін қалауы бүгінгі таңда елордасын халықаралық қауымдастық таныған бірегей шаһарға айналдырды. Кезінде біреуге жалған, біреуге арман болып көрінген, Елбасымыздың өзі іргесін қалаған Астанамыз жыл өткен сайын сәулеті мен дәулеті өркендеп, барша қазақстандықтардың бас ордасы болды», - делінген үндеуде.

Сондай-ақ онда Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елі үшін ғана емес, әлем тарихындағы кемеңгер тұлға екендігі атап өтілген.

«Елбасы жер-жаһанға көпұлтты, сан түрлі конфессия өкілдерінің бір шаңырақтың астында бір мемлекеттің мүддесі жолында бейбіт өмір сүре алатынын паш етіп, Қазақстанды мойындатты.

Мемлекет басшысының бастамасымен тәуелсіздік жылдарында экономикалық, саяси, әлеуметтік өрлеу жүзеге асырылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегенділігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті.

Осы орайда, Қазақстан Театрлар қауымдастығы Тәуелсіз Қазақстанның екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Тұңғыш Президент құрметі үшін Астана қаласының атын Нұрсұлтан деп өзгерту, еліміздегі қалалардың әрбір үлкен көшесіне Тұңғыш Президенттің есімін беру, монумент орнату туралы ұсынысын қолдап, Қазақстанның дамуына серпін берген жаңа елордамыздың бүгінгі ахуалына қарап, оның негізгі авторы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы деп танып, ризашылық сезіммен «Астана - Елбасының ерлігі» деп санаймыз. Ендігі таңда, елорданы «Нұрсұлтан» қаласы деп атап, ел үшін де, Елбасы үшін де, елорда үшін де марқайып жүретін болдық», - делінген үндеу-хатта.

Құжатқа қол қойғандар: ҚР Театрлар қауымдастығының президенті Асанәлі Әшімов, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры С.Әбдіқалықов, Республикалық неміс драма театры директоры Н. Дубс, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының директоры А.Сатыбалды, Мемлекеттік Республикалық Корей музыкалық комедия театры директоры Л.Ни, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік Академиялық орыс драма театрының директоры Ю.Якушев, Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрының директоры Р.Тохтахунов, Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Мемлекеттік академиялық орыс театры директоры міндетін атқарушы О. Гостев, Мемлекеттік Қуыршақ театрының директоры Т.Есеналиев, М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық драма театрының директоры Б.Джаменов, Н.Жантөрин атындағы Музыкалық драма театрының директоры Н.Мұханов, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ Мемлекеттік драма театрының директоры А.Сексенбаев, «Астана жастар» театрының директоры Е.Жұматаев.

Жоғары қарай