Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Азаттықтың таңы мен жаңа дәуірдегі Қазақ елі: Байбек Елбасының еңбегін тізіп берді

2019 жылдың 22 наурыз 2019 21:46

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев - Қазақ елінің жаңа дәуірдегі жасампаз тарихында ғана емес, адамзат тарихында да үлкен беделге ие саңлақ саясаткер, кемеңгер тұлға. Бүгін Наурыз мерекесіне орай алматылықтар алдында сөз сөйлеген қала әкімі Бауыржан Байбек осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала тұрғындары мен қонақтарын шуақты мерекемен құттықтаған Алматы әкімі Наурыз мейрамы достықты, өзара құрмет пен келісімді нығайтуға бағытталған шынайы жалпыхалықтық мейрам екенін атап өтті. Кеңес заманында мерекелеуге тыйым салынған Наурыз араға ұзақ жылдар салып, 1988 жылдың көктемінде бір топ ұлт зиялыларының ұйытқы болуымен Алматыда алғаш рет тойланған еді. Осылайша ұлы мерекеміз қайта жаңғырып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 15 наурыздағы жарлығымен мемлекеттік сипат алды.

«Біз биылғы Наурызды ерекше жаңалықтармен қарсы алып отырмыз. Күні кеше, яғни 19 наурызда Елбасы өзінің Президенттік өкілеттігін тоқтату туралы тарихи шешімін мәлімдеді. Осынау қадамы арқылы Елбасы тағы да елдік дәстүріміздің озықтығын көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - Қазақ елінің жаңа дәуірдегі жасампаз тарихында ғана емес, адамзат тарихында да үлкен беделге ие саңлақ саясаткер, кемеңгер тұлға. Оның есімі мен ерен еңбегі әлем тарихындағы әйгілі қайраткерлер - Түркияның жаңа тарихын жасаған Ататүрік, Американың еркін ел ретінде дамуына негіз салған Джордж Вашингтон, саясаткерлігі мен бітімгершілік қасиеті аңызға айналған Уинстон Черчилл, Сингапур ғажайыбының авторы Ли Куан Ю жән басқа да тұлғалармен қатар аталмақ», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Қала басшысы өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың ел өміріндегі тарихи рөлі мен іргелі істері, халықаралық аренада кең қолдау тапқан игі бастамалары оған жалпыхалықтық зор құрмет пен өлшеусіз абырой әкелгенін айтты.

«Кеңес одағы күйреген өліара тұста ел тұтқасын қолына алып, азаттығымызды жариялады. Еліміздің шекарасын шегендеп, мемлекеттілігімізді бекемдеді. Ата заңымызды, ұлттық рәміздерімізді бекітіп, ұлттық валютамызды енгізді. Сырттағы қандастарымызды елге шақырып, Ұлы көшке жол ашты. Қазақстан халқы Ассамблеясын құра отырып еліміздегі барша ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астына біріктіріп, этникааралық келісімнің қазақстандық моделін қалыптастырды», - деді ол.

Сондай-ақ Бауыржан Байбек ҚР Тұңғыш Президенті қарапайым қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруды қашанда мемлекеттік саясаттың басты өзегі еткенін атап өтті. Тәуелсіздіктің елең-алаңында «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындап, еліміздің мыңдаған жастарына әлемнің ең озық университеттерінде білім алуына жағдай жасады. Ал Қазақстанда Назарбаев Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептерін ашты.

Елбасы Қазақстанның жүрегі болып табылатын таңғажайып заманауи астана салып, оны Батыс пен Шығыстың арасын жалғаған, төрткүл дүниенің саясаты тоғысқан бағаналы ордаға айналдырды.

«Алматылықтар Елбасыға орасан құрмет пен шынайы сүйіспеншіліктерін білдіреді. Осыдан екі жыл бұрын Тәуелсіздік күні қарсаңында алматылықтардың қолдауымен Тұңғыш Президентіміздің есімін орталық көшелердің біріне беру туралы мәслихат шешімі қабылданды. Фурманов көшесі «Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы» болып қайта аталды. Өткен жылы бұл даңғыл толықтай жаңғыртылып, қала тұрғындары мен қонақтарға ыңғайлы да қолайлы етіп абаттандырылды. Сонымен қатар, Жібек жолы және Панфилов көшелері, Абай және Абылай хан даңғылдары, яғни шаһарымыздың тарихи орталығының 60% жаңарды. Асқар Алатаудың баурайындағы әсем алқапта орналасқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті саябағы бүгінде қаламыз бен қала қонақтарының ең жиі баратын сүйікті демалыс орны. 2011 жылы осы саябақтың төріне қойылған Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіші шаһардың көрнекі орындарының бірегейі», - деді қала әкімі.

Алматы әкімі өзінің сөзінде соңғы екі күн ішінде қалада атқарылған шаралар барысында түрлі ұлт өкілдерінің өзіне жақын келіп, Елбасыға айрықша құрмет пен алғыстарын білдіргенін айтты. Бауыржан Байбек Елбасының салиқалы мемлекеттік саясатының басты өзегі ортақ құндылықтар, келісім мен тұрақтылық, бауырмалдық пен достығы жарасқан бірлік пен ынтымақ екенін ерекше атады.

«Біздің Тұңғыш Президентіміз шын мәніндегі Елбасы, Ұлт көсемі және Көшбасшысы. «Алматы - Елбасы - Тәуелсіздік» ажырамас ұғым. Еліміздің тәуелсіз тарихының жарқын беттері Алматыда ашылған. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттілігімізді тұғырлы, елдігімізді ғұмырлы етер көптеген аса маңызды құжаттарға да осы Алматыда қол қойған. Елбасының сөзімен айтқанда, «Алматы - Тәуелсіздіктің алтын бесігі», - деп атап өтті әкім.

Қала тұрғындарының алдында сөйлеген сөзінде Бауыржан Байбек Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Алматы қаласын әрдайым ерекше назарында, тұрақты қамқорлығында ұстағанын атап өтті. Н.Назарбаевтың қолдауы арқасында бүгінгі күні қала ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне, инвестициялық және туристік тұрғыдан аса тартымды іскерлік орталығына айналды.

«Бірде Елбасы «Алматы - туып-өскен жеріміз. Алматы - махаббат, Алматы - жастық шақ. Мен Алматыға қамқорлық жасауды әрқашанда өзімнің ерекше парызым деп санаймын» деген еді. Алматылықтар оның үлкен тебіреніспен айтылған осынау жүрекжарды сөздерін үнемі есте сақтайтын болады», - деп қорытындылады сөзін қала әкімі.

Б.Байбек Наурыз мейрамын қала тұрғындарымен бірге мерекеледі және Панфилов көшесі бойымен жүріп өтті. Тек бүгінгі мерекенің өзіне ғана 300 мыңнан астам адам келді, олардың ішінде Жапониядан, Оңтүстік Кореядан, Малайзиядан, Беларусьтан және басқа елдерден 500-ден астам турист келді. Алматыда Наурыз мейрамы бір ай бойына тойланады және мерекеге орай 80-нен астам шара өтетін болады.

Жоғары қарай