Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Астанада неше мектеп салынады

2019 жылдың 18 наурыз 2019 19:15

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Астанадағы мектептердің құрылысы туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Енді, қазір Астана бойынша мектептердің жетіспеушілігін бәріміз жақсы білеміз. Себебі жастарымыз бар, дүниеге келіп жатқан балалар бар. Оған қоса, көшіп келіп жатқан адамдар аз емес. Қазір Астана қаласы бойынша 2019-2021 жылдарға 19 жоба іске асырылатын болса, әкімшілікпен бірге қаланың шетіндегі ауыл-аймақтарды қарай отырып, тағы үш жобаға қаржы қарастырып жатырмыз. Сонымен Астана қаласы бойынша 21 жобаны жүзеге асырамыз деген ойымыз бар», - деді К.Шәмшидинова Астанадағы көпбалалы аналармен болған кездесуде.

Министрдің айтуынша, Тәуелсіздік алғалы бері республика бойынша 1 672 мектеп салынды. Ал Астанада 68 мектеп жаңадан бой көтерген.

«Алдағы үш жылда жалпы республика бойынша 190 мектеп салынатын болса, бұл мектептер ең бірінші апатты ғимаратта орналасқан мектептердің проблемасын шешеді. Екіншіден, үш ауысыммен оқитын мектептердің проблемасын шешеді», - деп атап көрсетті К.Шәмшидинова.

Айта кетейік, бүгінгі кездесуде министр мектепте төрт пәнді ағылшын тілінде оқыту мәселесін түсіндірді.

«Бүгінде барлық адамдарды ойландырып жүрген маңызды бір мәселе ол - xимия, физика, информатика мен биология пәндерін жоғары класта ағылшын тілінде оқыту. Осыған байланысты қазір асықпай көшу туралы шешім қабылданып отыр. Республика бойынша 150-ден артық мектеп ол бағдарламаға көшкен. Біз қазір бұларды зерделеп, қарап отырмыз. Оқушылар неден қиналып отыр? Ұстаздар қандай қиындық көріп жатыр? Біз оларға қалай көмектесеміз? Соны жан-жақты зерделеп жатырмыз. Сондықтан ұстаз дайын болған кезде, мектеп дайын болған кезде өздеріңізбен келісе отырып, біртіндеп ағылшын тілінде оқытуды енгізе бастаймыз. Бұл асығатын шаруа емес», - дейді К.Шәмшидинова.

Бұдан бөлек, білімнің жаңартылған мазмұны бойынша мыңдаған мектеп мұғалімдері қайта даярлау курстарынан өтетін болады.

Жоғары қарай