Ауа райы
Астана -24 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 387.16
EUR 428.47
RUB 6.08
CNY 55.13

Қостанайда 46 мекеме еңбекақы заңын бұзған

2019 жылдың 18 наурыз 2019 22:46

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында бухгалтерлік есеп жүргізу кезінде 13,6 млрд теңге қаржының негізсіз жұмсалғаны анықталды. Бұл туралы өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Ревизиялық комиссия төрағасы Дмитрий Костюковтың мәліметінше, былтыр ревизиялық комиссия 18 аудиторлық шара өткізіп, 115 нысанды тексерген. Шара барысында 1,4 млрд теңгенің мақсатсыз жұмсалғаны анықталып, қаржы қайтадан бюджетке қайтарылған.

«Бухгалтерлік есеп жүргізу барысында 13,6 млрд теңге қаржының негізсіз жұмсалғаны анықталды. Мұның сыртында былтыр 2,9 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаржысы мен мемлекет активтері тиімсіз пайдаланылған. Ал тиімсіз жоспарланған қаржы көлемі 1 млрд теңгеден асып жығылады. Бүгінге дейін ысырап болған қаржының 407,6 млн теңгесі қайта өндіріліп алынды», - дейді Дмитрий Костюков.

Облыстың қаржы саласында да бірқатар заңсыздықтар бар. Мәселен, 46 мекеме еңбекақы беру, еңбек демалысы мен өзге де төлемдерді аудару барысында заңсыздыққа жол берген. Тағы 23 мекеме көлемі 6,7 млн теңге болатын іссапар шығындарын төлеу барысында заң талаптарын бұзған.

Соңғы жылдары облыс аумағындағы көптеген әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне қызмет етуде. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен жыл сайын қомақты қаржы бөлініп келеді. Алайда қыруар қаржы жұмсап, күрделі жөндеуден өткен кейбір мектептер бүгінде сол жұмалған қаржыны ақтай алмай отыр. Мәселен, бір-екі жыл бұрын жергілікті бюджеттен бөлінген 277 млн теңгеге жөндеуден өткен Қостанай ауданына қарасты Половников орта мектебінде соңғы үш жыл ішінде оқушылар саны күрт азайып кеткен. 230 шәкіртке шақталған аталмыш білім ошағында бүгінде небары 76-ақ бала оқиды. Мектеп шәкірттерінің оқу үлгерімі де мәз емес. ҰБТ нәтижелері бойынша аудан мектептерінің ең соңында.

Соңғы жылдары облыста бой көтерген жаңа оқу ғимараттарының бірі - Перцев елді мектебіндегі орта мектеп. Оған жұмсалған қаржы көлемі - 635 млн теңге. Өкінішке, орай бүгінде бұл мектеп те жартылай бос тұр. Себебі ауылда мектеп жасындағы бала саны аз. Қазір 150 балаға шақталған мектепте 70 шақты шәкірт білім алып жатыр. Бұл жаңадан салынатын немесе күрделі жөндеуден өтетін мектеп ғимараттарын анықтау барысында мұқият жүргізілуі тиіс талдау-саралау жұмыстарының шикілігін көрсетеді деді облыс басшысы. Алдағы уақытта тиісті органдар осы мәселелер бойынша әкімдікте жиын өткізеді.

Жоғары қарай