Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

ҚР Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Шымкентке келді

2019 жылдың 16 наурыз 2019 16:04

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат- Жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келген ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин жаңадан бой көтеріп жатқан шағын аудандардың құрылыс алаңдарында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьер-Министр алдымен қала іргесіндегі «Тұран» шағынауданында салынатын нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлердің жобалау құжаттарымен танысты. Қаланың Бас жоспарына сәйкес шағынаудан қаланың солтүстік бөлігінде орналасады. Жалпы алаңы 1190 га құрайтын аумақта көпқабатты тұрғын үйлердің, әлеуметтік және коммерциялық нысандардың құрылысы қарастырылған. Жеке үйлердің құрылысы үшін 3046 учаске бөлінеді. Төрт мыңға жуық адам тұратын ауданда жалпы ұзындығы 33,7 шақырым болатын 13 магистральды автожол салынады. Екінші кезеңде жалпы ұзындығы 16,7 шақырым болатын, жаяу жүргіншілер және веложолдары бар 5 көшенің құрылысы жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру үшін «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасы бойынша ҚР Ұлттық экономика министрлігіне 5,4 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу туралы бюджеттік сұраныс жіберілді. Үшінші кезеңде жалпы ұзындығы 9,1 шақырым болатын қалған 5 көшенің құрылысы жүргізіледі. Бұған қоса, жалпы құны 10,4 млрд теңге сомаға сумен жабдықтау, су өткізу, электрмен және газбен қамту желілерін тарту қажет.

Мұнан соң Үкімет басшысы «Шымкент Sity» аймағындағы Конгресс орталығының құрылыс жұмыстарымен танысты. Қалашықта тұрғын үйлерден бөлек өзге де маңызды жобалар қолға алынуда. Олар жетекші құрылыс компанияларының инвестицияларын тарту арқылы іске асырылуда. Жалпы ауданы 427 га құрайтын қалашықта 1,5 млн шаршы метр болатын көпқабатты тұрғын үйлер, 7500 оқушыға арналған 5 мектеп пен 5 мың орынға лайықталған 9 балабақшаның құрылысы қарастырылған. Сондай-ақ, емхана мен жедел жәрдем ғимараты, жалпы ауданы 49 га құрайтын саябақ, 30 мың орындық спорт аренасы мен 2300 орындық конгресс орталығының құрылысы жүргізіледі. Бүгінгі таңда ірі инвесторларға тұрғын үй салу үшін құрылыс алаңдары белгіленіп, «Highvill» компаниясына - 51 га, «BI group» компаниясына 5,2 га жер телімдері айқындалған. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмдерін іске асыру жолымен 49 га құрайтын саябақ құрылысын жүргізуге «Highvill» компаниясымен келісімдер жүргізілді. Аталған саябақ жергілікті тұрғындар мен шетелдік туристерді тарту орталығы болады деп күтілуде.



null

Еске салайық, бүгін таңертең Асқар Мамин жұмыс сапарымен Түркістан облысында болды. Онда облыстың жаңа әкімшілік іскерлік-орталығының, 7 мың орындық стадионның, Оқушылар сарайының құрылыс алаңына барды. Сондай-ақ тұрғын үйлердің, БАҚ өкілдеріне арналған жаңа Медиаорталықтың және өзге де нысандардың құрылысымен танысты.

Одан кейін Премьер-Министр облысты дамыту перспективалары жөнінде кеңес өткізді. Селекторлық режімдегі кеңеске еліміздің бірқатар қала, облыс әкімдері мен министрліктердің өкілдері, жергілікті депутаттар мен басқарма басшылары қатысты. Оның барысында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев жаңа нысандардың құрылысын жеделдетіп аяқтауға қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Жоғары қарай