Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 35 °С
валюта бағамы
USD 383.01
EUR 430.12
RUB 6.10
CNY 55.70

Даулы пункттерді алып тастадық - Абаев тілшілерді аккредиттеу жайлы

2019 жылдың 14 наурыз 2019 22:02 820

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев баспасөз қызметкерлерін аккредиттеу ережелеріне енгізілетін өзгерістер жобасынан даулы пунктер алынып тасталғанын, бұл мәселеге қатысты жаңа жоба таныстырылатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баспасөз қызметкерлерін аккредиттеу ережелеріне енгізілетін өзгерістер туралы тағы да айта кеткім келеді. Тілшілер қауымы арасында бұл сұрақ біршама пікірталас туындатқан еді. Бұл жағдайда біз ешкімнен жалтарған жоқпыз, журналистік цехпен арада қабырға салып қойған жоқпыз. Керісінше, ұсынылған өзгертулерді жетілдіру үшін біз конструктивті диалог іздейміз. Белсенділермен кездесу ұйымдастырылып, бәрі де ашық сипатта өтті. Талқылаулар мен пікірталастар, ұсыныстар айтылды», - деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министр аталған шаралардың хаттамаларын қарастыра отырып, келесі шешім қабылданғалы отырғанын атап өтті.

«Біріншіден, өзгертулер жобасынан аккредиттеуші ұйымдардың ішкі тәртібін сақтау туралы журналистің қағаз жүзіндегі келісімі мен модератор белгілейтін регламентті алып тастауды шештік. Тиісінше, аталған шартты орындамаған журналисті аккредитациядан айыру туралы пункт де алынып тасталды. Екіншіден, журналист пен БАҚ арасындағы келісімшартты растайтын құжаттың көшірмесін тапсыру туралы пункт те алынып қалды. Шынын айтқанда, бұл - өзгертулер жобасындағы даулы тақырыптар болатын. Біз оларды алып тастап отырмыз», - дейді министр.

Дәурен Абаев десе де талқылау барысы аккредиттеу мәселесін әлі де қарастыру керектігін көрсетіп бергенін жеткізді.

«Біз сала өкілдерінен көптеген ұсыныстар алдық. Ең алдымен, журналистің құқығы мен аккредиттеуші тараптың міндеттемесі туралы мәселелер қызу талқылануда. Жуық арада барлық ескертулерді ескеретін өзгертулердің жаңа жобасы таныстырылатын болады. Құжат «Ашық Үкімет» порталында жарияланып, қоғамның талқысына ұсынылады» - деді Дәурен Абаев.

 

 

Жоғары қарай