Ауа райы
Астана -24 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 387.37
EUR 428.55
RUB 6.06
CNY 55.06

Елбасының жаңа әлеуметтік бастамалары тиімді нәтижеге қол жеткізеді - сарапшы

2019 жылдың 14 наурыз 2019 21:38

АСТАНА. ҚазАқпарат - Президенттің жаңа әлеуметтік бастамалары тиімді нәтижеге қол жеткізеді. Белгілі саясаттанушы Талғат Қалиев Президент Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен Елбасы тапсырмаларының тиімді әрі сапалы атқарылуын қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі кеңесте осындай пікір білдірді.

«Еліміз әлеуметтік мемлекет болуға, нақты әлеуметтік кепілдіктерге бет бұрып келеді. Мұны бюджеттің 45% әлеуметтік салаға жұмсау шешімі айғақтайды. Бұған дейін де азаматтардың жекелеген санаттарын қолдау үшін ауқымды қаражат бөлінетін. Бірақ, бұл қаражат діттеген жеріне жетпейтін. Екіншіден, өңірлердің инфрақұрылымдық дамуы бірдей болмады. Өйткені, барлық әкім басымдықты дұрыс қоя білмеді. Қазір ауыл және аудан орталықтарында, кішігірім қалаларда және облыс орталықтарында не болатынын нақты білу үшін елді мекендердің әр санатына бірыңғай өңірлік стандарт құру тапсырылды. Тиісінше, мұның бәріне енді қатаң бақылау қажет. Және Президент әкімшілігі басшылығының осы шараларды жүзеге асыруды бақылаудың нақты және тиімді тетіктерін жасап жатқаны қуантады», - деді сарапшы «ҚазАқпарат» тілшісіне.

Сарапшының айтуынша, қазіргі уақытта «Нұр Отан» партиясының рөлі артып, мониторинг орталығы құрылып жатыр. Сәйкесінше, халықпен қарым-қатынас та жолға қойылып келеді, бұған халықтың әкімдерімен тұрақты кездесуі мен қоғамдық пікірді өлшеу құралдары ықпал етті.

Сонымен бірге, саясаттанушы үкіметке сенім мәселесінің маңызды екенін атап өтті.

«Өткен жылдары көптеген тапсырмалар берілсе де, олар жеткілікті түрде жүзеге асырылмады. Ал Мемлекет басшысының жаңа әлеуметтік бастамалары үлкен нәтиже көрсетеді, себебі бұл бастамалар жарияланған сәтте олардың орындалуын бақылау мен қадағалау тетіктері жасалды. Бүгін Президент Әкімшілігінде өткен кеңес те жаңа әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға қозғау салады, Президент тапсырмаларын әрі қарай жүзеге асыруға пайдалы және тиімді болады», - деді Талғат Қалиев.

Еске сала кетсек, бүгін Ақордада Президент Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен Елбасы тапсырмаларының тиімді әрі сапалы атқарылуын қамтамасыз ету, мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Жоғары қарай