Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 383.01
EUR 430.12
RUB 6.10
CNY 55.70

ФУТБОЛ: «Астана» ақтөбеліктерді ойсыратып кетті

2019 жылдың 10 наурыз 2019 21:50 1684

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елімізде футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі алғашқы турындағы қалған үш кездесу болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда жергілікті «Қайрат» Премьер-лигаға жылдық үзілістен кейін қайта оралған «Тараз» командасын қабылдады. Бұл кездесуде алматылық футболшылар екі гол салды. Екеуінде де «Қайраттың» жас ойыншылары мергендік танытты. Атап айтқанда, 26-минутта Рифат Нұрмұғаметтің қанжығасы майланса, 67-минутта Айбол Әбікен қақпа торын бүлк еткізді. Ойында «Қайрат» 2:0 есебімен басым түсті.

Қызылордада «Қайсар»  өз алаңында «Атыраумен» шеберлік байқасты. Бұл ойында алаң иелері кездесудің өне бойында шабуылға шыққанымен дегеніне жете алған жоқ. Кездесу тағдырын 2-минутта соғылған жалғыз доп шешті. Оны «Атырау» сапынан Дәурен Мәжитов соқты. Осылайша «Қайсар» қарсыласына 0:1 есебімен жол берді.

Алғашқы тур ойындары Астана қаласында мәресіне жетті. Елордалық «Астана» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдады. Кездесуде «Ақтөбе» командасы есеп ашқан еді. Олардың сапынан Абат Айымбетов 3-минутта мергендік танытты. Алайда 19-минутта «Астана» оған жауап қайырды. Олардың сапынан Марин Томасов қанжығасын майлады. Ал 33-минутта елордалық клуб алға шықты. Бұл жолы Юрий  Логвиненко гол соқты. Марин Томасов 38-минутта бұл кездесудегі екінші голын салды. Кездесудің 95-минутында астаналық  Юрий Перцух қорытынды есепті белгіледі.   Кездесуде «Астана» 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Алғашқы турдың үш ойыны кеше, 9 наурызда өткізілді. Бұл күні «Ордабасы» «Шахтерді» 3:0, «Жетісу» «Оқжетпесті» 5:1, «Тобыл» «Ертісті» 3:0 есебімен жеңді.

Келесі тур ойындары 15 наурыз күні өтеді. Бұл күні «Астана» мен «Оқжетпес», «Атырау» мен «Ертіс», «Қайрат» пен «Шахтер», «Қайсар» мен «Жетісу», «Ордабасы» мен «Ақтөбе», «Тобыл» мен «Тараз» кездеседі.  

 

 

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Қоғам, Спорт,
Жоғары қарай