Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 389.62
EUR 429.98
RUB 6.06
CNY 55.08

Қостанайда 134 әйел лауазымды қызметтерді атқарады

2019 жылдың 6 наурыз 2019 22:09

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Архимед Мұхамбетов қостанайлық нәзік жандарды Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты кеш ұйымдастырылды. Алдымен, аруларды өңір басшысы Архимед Мұхамбетов құттықтады. Оның сөзінше, облыстағы мемлекеттік қызметшілердің 60% - әйелдер қауымы.

«Қостанай облысы гендерлік саясатты жүзеге асыру жолында белгілі бір жетістіктерге жетті. Бірінші кезекте, ер азаматтар мен әйелдердің еңбек жағдайларының теңдесуі. Оның ішінде бизнес, саясат және мемлекеттік басқару, білім беру және денсаулық сақтауға тең құқықтылық, сонымен қатар ана мен баланың жан-жақты қамтамасыз етілуін қамтиды. Облыстың жергілікті атқарушы органдарында еңбек ететін 134 әйел лауазымды қызметтерде. Оның ішінде 5 облыстық басқарманың басшысы, 8 қала-аудан әкімдерінің орынбасарлары, 34 ауылдың әкімі бар. Сонау қиын-қыстау жылдарда елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырған заманда әр салада жетістіктерге жеткен талантты қыз-келіншектердің қосқан үлесі шексіз. Олардың ішінде Мәриям Хакімжанованың, Социалистік Еңбек Ерлері Кәмшат Дөненбаева мен Алевтина Кузьминаның атқарған істері осыған дәлел»,- деді аймақ басшысы.

Өңір әкімі айтқандай, Қостанай облысында төрт және одан көп бала өсіріп, тәрбиелеп отырған 5 086 отбасы есепте тұр. Олардың бәрі нақты бақылауға алынды.

«Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау жөнінде бірнеше бағыт бойынша жоспар құрдық. Атап айтқанда, ірі компаниялар мен кәсіпкерлер есебінен пәтерлер бөлу, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру, тұрғын үйге бастапқы жарнаны субсидиялау, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй санын көбейтуді басты назарға алдық. Кейбір компаниялар бұл көмекке өздері ниет білдіріп отыр. Бүгінде қостанайлық кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің белсенді азаматтық ұстанымының арқасында 10 көпбалалы және аз қамтылған отбасыға тұрғын үймен қамтамасыз етуге көмек көрсетілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады»,- деді Архимед Мұхамбетов.

Қостанай облысында 6500 ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерінің иегерлері. Бүгінгі кеште олардың 20 шақтысы Архимед Мұхамбетовтің қолынан лайықты марапаттарына ие болды.

Мұнан соң атқарушы билік өкілдерінен бастап, кәсіпкерлер, спортшылар және қоғамдық ұйым өкілдері нәзік жандарды мерекелерімен құттықтады. Шара соңында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.



null


null

Жоғары қарай