Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Алматы тұрғыны өз көлігін ұрлап, полиция қызметкерін жарақаттады

2019 жылдың 4 наурыз 2019 19:08

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 34 жастағы ер адам өз көлігін өзі ұрлап, полиция қызметкерін соққыға жықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық полицияның хабарлауынша, «Достық» шағын ауданынан «Тойота Камри-55» көлігінің ұрланғаны туралы ақпарат түскен. Алматылық тұрғынның сөзінше, шығын көлемі 8 млн теңгені құраған.

«Жәбірленуші арызында достарымен бірге дәмханаға барғанын, шыққанда көлікті таппай қалғанын айтқан. Ал көліктің артық кілтін мұның алдында жоғалтып алғанын хабарлады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары қолға алынды. Сыртқы бақылау камераларын тексерген кезде екі ер адамның машинаға таянғаны, оны оңай оталдырып, оқиға орнынан кетіп қалғаны анықталды. Және бұл, жәбірленуші достарымен дәмханаға кіргеннен кейін небәрі екі минуттан соң болған», - деді қалалық Полиция департаментінің басқарма басшысы Есен Ысқақов.

Тексеру барысында автокөлікті жәбірленушінің сыныптастары ұрлап кеткені анықталды.

«Жауап алу кезінде күдіктілер көлікті қожайынның айтуымен ұрлағандарын айтты. Автокөлікті жәбірленуші былтыр сатып алған. Көлік ұрлыққа қарсы сақтандырылған. Осылайша, көлікті ұрлатып жіберіп, сақтандыру полисін алғысы келген», - деді Е.Ысқақов.

Енді көлік иесі ҚР ҚК 419-бабы бойынша сот алдында жауап береді. Ол 3-7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Ұрланған» көлік Алматы облысында табылды.

«Жәбірленуші көлікті әке-шешесінің үйіне апарып тығып қойған. Ол сол жерде қарсылық көрсетіп, қашып кетпек болған. Ұстауға келген полиция қызметкерін бұрағыш сайманымен жарақаттаған. Енді ол билік өкіліне қол көтергені үшін де жауап беретін болды», - деді басқарма басшысы.

Жоғары қарай