Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Қызылордада көлік апатынан сал болып қалған жігіт ән кешін өткізді

2019 жылдың 23 ақпан 2019 19:59

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада көлік апатынан соң сал ауруына ұшыраған жас жігіт Бақдәулет Әбділдаұлы ән кешін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақдәулет 1999 жылы Сырдария ауданының орталығы - Тереңөзек елдімекенінде дүниеге келген. 2015 жылы жазатайым көлік апатына ұшыраған ол төрт жылға жақын уақыттан бері қаншама отаны бастан өткізді. Оның бұрыннан ән айтуға әуестігі бар еді. Тағдырдың жазуына қасқайып қарсы тұра білген жас жігіт өнер өлкесінде өз өрнегін айшықтауға барынша талпыныс жасап келеді. Саналуан әндерді нақышына келтіре шырқайтын ол өз орындауындағы әуендерді әлеуметтік желіге жүктейтін болды. Соның арқасында қазір Бақдәулеттің өнерінен жергілікті жұртшылық жақсы хабардар болып үлгерді. Осылайша тыңдармандарының бірі жас өнерпазбен байланыс орнатып, ән кешін өткізуге ұсыныс жасады.

Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентіндегі №11 мектеп-лицей ұжымы осындай игілікті істің ұйытқысы болды. Олардың ұйымдастыруымен С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық кеші болды. Сондай-ақ, бұл ізгі іске жергілікті «Жас Отан» жастар қанаты қолдау білдірді.

«Біздің мектеп оқушылары Бақдәулетпен байланыс орнатқан екен. Жас әнші көпшілік арасында танымал. Осылайша Бақдәулеттің ән кешін өткізу жөнінде шешім қабылданды», - дейді №11 мектеп мұғалімі Мақпал Нәріпбаева.

Өнер шарасында Бақдәулет өз орындауындағы әндермен көпшілік ризашылығына бөленді. Концертте «Өлшеулі өмір», «Әке-ана», «От жігіт», «Шүкір ет» әндері шырқалды. Жас жігіттің өнер кешінде жергілікті әншілер Үміт Медеуова, Баян Бектұрғанова жылы лебіздерін білдірді.




«Елімізде әрбір азаматқа лайықты қолдау жасалып келеді. Сол арқылы әрбір адам өз өмірін жақсарта алады. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Әр адамның өзі ісін ашуға мүмкіндігі бар. Шығармашылықпен айналысуына да жол ашық», - дейді Бақдәулет.

Бақдәулет қайырымы мол адамдардың қолдауын айқын сезініп жүр. Осындай қолдау Бақдәулеттің өмірге деген құштарлығын күшейте түскен. Ол еліміздің ертеңі бүгіннен де жарқын болатынына зор үмітпен қарайды.

«Балам кішкене кезінен ән айтатын еді. Біз бұған дейін де Тереңөзек кентінде ән кешін өткізіп үлгердік. Бүгінгі қайырымдылық шарасының жоғары деңгейде өткені үшін алғысымды білдіремін», - дейді Бақдәулеттің анасы Ұлғаным Сүгірбаева.

Аталған концертке «Жылы жүрек жастар» еріктілер тобының жетекшісі, мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы би байқауларының жеңімпазы Сағатбек Сиюов қатысып, мектеп ұжымы мен оқушыларына жылы лебізін білдірді. Қайырымдылық концертіне кіру тегін болды. Дегенмен мәдениет үйінде арнайы қайырымдылық жәшігі орнатылған. Оған жанашыр жандар ақша салып, жиналған қаржыны Бақдәулеттің өзіне табыс етті.

Айта кетерлігі, Бақдәулет алдағы наурыз айында белгілі әнші Ернар Айдардың «Тамаша» атты мерекелік концертіне қатысып, ән кешінің иесімен бірге дуэт айтады деп жоспарланып отыр. Екеуі «Тым болмаса» әнін қосыла шырқайды.

Жоғары қарай