Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 375.90
EUR 426.65
RUB 5.82
CNY 55.99

Ұлт қаһармандығының сипаты қалай анықталады

2019 жылдың 18 қаңтар 2019 17:24 3046

АСТАНА. ҚазАқпарат - Рухани жаңғыру - тарихты байыптау, дәстүрді парықтау, болмысты жүйелеу. Осы ретте біз ел мен елшілдің ерлік істерін зерделеген сайын мемлекетіміздің ұстанымын шыңдаймыз, ұстынын мықтаймыз.

Қаһармандық немесе батырлық - барлық елдің ұлттық, мемлекеттік құндылық деңгейіндегі құбылыс. Сонымен бірге ол - таным мен тәрбие, парасат пен еңбек өлшемі.

Әр дәуір, кезең, уақыт қаһармандық пен батырлықты өзінше өлшеп-пішіп жатады. Мысалы, тоталитарлық жүйе аясында ХХ ғасырдың 20-30 жылдары большевиктік өкімет «сатқындық», «қаскөйлік», «фашистік» т.б. деп бағалаған ұлт зиялыларының іс-әрекеті мен күресі - егемендік пен тәуелсіздік тұсында қаһармандық ретінде лайықты бағасын алды. Сондай-ақ кеше ғана «СССР» деп қысқартылып жазылған саяси жүйеде өмір сүрген республикалардың біреуі үшін кеңес өкіметінің құлауы «ең зор трагедия» болса, қалған он төрті үшін - тарихи әділеттілік және жаңарудың бастауы. Өйткені, «трагедия» деп есептегендердің ой түкпірінде тағы да «халық жауларын» табу, жазалау, «бұрынғыны қалпына келтіру» арманы тұрады.

Осы ретте Алаш қайраткерлерінің ұлт қаһармандығы туралы пікірін білу және оны қоғамға кеңінен насихаттау - Тәуелсіздік пен рухани жаңғыру талаптарына сәйкес келеді.

Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сертке бергісіз сөзі (Самара, 18.06.1913 жыл) - ұлт батырлығының жаңғырығы.

Ұлт газетін шығарамыз, халықты оятамыз дегені үшін 1914 жылы А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы абақтыға жабылғанда, Ә.Бөкейхан: «Сен екеуіңнің абақтың - Радищев пен Новиковтың абақтысы. Түркияда халықты қатарға қосамын деп сабаздар абақтыға жабылған, айдалған. Бұрынғы Мадхат-пашалар 1883 жылы айдауда жүргенде өлген. Осы күні Ахмед Риза һәм басқалары да абақтыда жатқан. Шырақтарым, сендерді мінегенде, осылармен бір салып мінесе, не армандарың бар?!» деп жазды.

1908 жылы Семей түрмесіне түскендегі өз жайын қайраткер былайша сипаттапты: «Жауға бел бермеймін деп қарысып, тістеніп, буындырған құсаны сыртқа шығармадым...».

Алаш зиялылары үшін Кенесары - қашанда қаһармандықтың рәмізі болып қалды. Соңғы қазақ ханы туралы «Материалы к истории султана Кенесары Касымова» атты еңбегінің («К.Степняк» деген бүркеншік атымен жазған, Х.Досмұхамедұлы Ташкентте 1923 жылы жариялануына септескен) эпиграфын Ә.Бөкейхан:

         Но дух его бунтарской воли,

         Его борьбы кровавый след,

         Был маяком киргизской голи

         До дней свободы, дней побед, - деп өлеңмен өреді.

Бұл Мағжанның «Оқжетпестің қиясындағы» (поэма) мына жолдармен үндеседі:

         Арыстан Алатауда мерт болғанда,

         Оқжетпесте тұрған қарт тасқа айналды...

         Шөккен қарт күншығысқа түзеп бетті,

         Көп заман талмай-тозбай тау басында,

         Алаштан Кенекемдей бір ер күтті /3, 26/.

Ә.Н.Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары көбіне-көп ақылдағы, парасаттағы қаһармандықты айқындап, салмақтады. Мысалы: «Қазақты ақ жолға саламын десең, істің астарын қарастыр. Істің сырты - жауға бел көрсеткендік» деген сөзі бүгін де көкейкесті. Немесе: «Адам болатын болсаң, өз беліңді ықшамдап өзің байла. Саясат ісі бір күнде бола қоймайды. Жұрт мақсұты көп жыл арқылы болатын талас-тартыспен орнына барады» деген ойы жаңа заманның қаһармандығын сипаттайды.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының таңдаулы көп ойын «Әдебиет танытқыш» еңбегінен табамыз. Жалпы ғалымның бұл зерттеуін - «энциклопедиялық жинақ» деуге де келеді. Әдебиет қисыны немесе теориясы аясында қазақ көркем сөзін жіті талдағанда, Ахмет мысалдың бәрін дерлік ұлтты ағарту мен ояту мұратына бағындыра білген. Мәселен:

«Халық басына қайғылы күндер туған заманда қайрат көрсетпеген азамат - азамат емес» /4, 180/.

«Бақ - ерікте, ерік - ерлік пен бірлікте. Ерлік - ұранымыз, бірлік - құранымыз болсын!» /4, 176/.

«Адамның, елдің, жұрттың, таптың, ұлттың сырын, мінезін танытып көрсету - мінездеме болады» /4, 215/.

«Мәдени жұрттың адамында заманында болған көзге түсерлік уақиғаларды яки өмірінде ұшыраған зор істерді жазып, әңгіме ретінде тіркеп отыратын ғадет болған /4, 214/.

«Тарихшылар тарих басынан кешкен түрлі уақиғалардың мағлұматын сымға тартқандай сынға алып, мінсіз етіп, дұрыстап жеткізеді. ... Тарихшылардың мақсаты уақиғаның уақытын ғана көрсету яки не түрде болған тысқы сиқын ғана көрсету емес, ол уақиғаның болуына нендей нәрселер, нендей уақиғалар себеп болғанын көрсетіп, ішкі мәнісін таныстыру» /4, 216/.

А.Байтұрсынұлының «қазақ тарихының төрт жүз жылын алып» құрастырған «23 жоқтау» жинағы да (Мәскеу, 1926) -  ұлт қаһармандығына қойылған ескерткіш. Осындағы «Кенесары-Наурызбай» жоқтауына назар аударалық:

Қоғамы күшті ер еді,

Киімді бала тудырған.

Алтынды қылыш будырған.

Абылайлатып ат қойып,

Дұшпанды көрсе қудырған.

Көп сарғайтып келместей,

Кене хан, саған не болды?../5, 98/.

Т.Шонанұлымен бірлесіп даярлаған «Оқу құралының» 2-басылымында (Қызылорда, 1927) Шоқанның «Сіргелі Елшібек батыр» атты танымдық материалы ұсынылыпты. Содан үзінді: «Бірнеше батыр адамдар оққа ұшқан соң, ешбір батырдың оқтың бетіне баруға жүрегі дауаламапты. Сол мезгілде Сіргелі Елшібек батыр қолдың ішінен сары атпен сурылып шығып, қалмаққа қарай бүлкілдеп жүре беріпті. Жұрттың бәрінің жүрегі лүпілдеп: «Опырым-ай, қазір оққа ұшып, аттан құлайды-ау!» деп, көз айырмай қарап тұрыпты. Елшібек сол бүлкілімен мергенге таянып келіп, кенеттен атының басын төгіп ұмтылғанда, қалмақ білте салып атса, мылтығы от бермей қалыпты. Қайтадан білте салып атамын дегенше, батыр қылышпен екі айрып тастапты» /6, 97/.

Міне, майдан даласындағы бір қаһармандықтың суреті. Кейін Елшібектен сұрағанда, «білтесі әбден жанып, күлі көбейсін дедім» деп, ақылға да жүгінгенін айтады. Оны батырлық, жүректілік, ақылдылық жеңіске жеткізді.

«Алаш сөздігі» аталып кеткен «Қазақша-орысша тілмашта» (Мәскеу, 1925): «батыр - рыцарь, богатырь, храбрый; батыл - смелый, решительный» /7,53/ деп аударылыпты. Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, бұл ұғымның мәні осылай өзгеріссіз ұлт санасына сіңді.

Қолжазба кітап («самиздат») түріндегі «Омбының Алаш дәптеріне» енген Баймұқамбет Бейсембіұлының репрессия жылдары (09.06.1932) жазған «Азаматтарға» атты өлеңінде мынандай жолдар бар:

Ер жігіт ерген халқын жауға алдырмас,

Өзі болған заманда дау қалдырмас.

Өз тамағын ойлаған сабаздардың,

Қармағын тегіс салып сау қалдырмас /8, 26/.

Түркі дүниесіне ортақ қайраткер Мұстафа Шоқайдың жаңа замандағы батылдық пен қаһармандық туралы пайымы да тағылымды. Ол былай дейді: «Батыл қоғам қайраткері сұңғыла саяси шешен болуы мүмкін. Егер саяси жұмыс үстінде қажетті істі орындауда объективті қиындықтар мен жіберілген қателіктерді көре алмасаң, батылдығың - қарапайым қиянатқа, шешендігің сандыраққа айналып кетеді... Қиындықтарды көре білу, оған қарсы күрес ашу - одан құтылудың амалын іздеу деген сөз. Өз кемшілігіңді көру - оны жойып, қайталамауға тырысу деген сөз. Бұлардың екеуі де ұзақ, мұқият әрі қызу әзірлікті талап етеді» /9, 254/.

Мұстафаның қаһарман қайраткерге қоятын талабы нақты әрі қатаң. Олай болмайынша мұраттың бәсеңдейтіні бесенеден белгілі.

24 жасында «Оян, қазақ!» деп, ұлт санасын серпілтуге жұмылған Міржақып Дулатұлы халық қаһармандығын отаршылдықтың айла-шарғысы әбден дағдарғанын жазады.

Тұманға кірді қалың біздің қазақ,

Арты - жар, алды - тұйық бұ не ғажап?

Адасқан ағайынға басшы болып,

Ішінде жол көрсетер адам аз-ақ...

Бұл - ХХ ғасыр басының емес, ХҮІІІ ғасырдың шындығы. «Аз адам» немесе аз батыр - Хан Кенелер ғой. Ендігі ақиқат - «ғапылдықтың ұйқысына кеткен» халықты ояту. «Зар заман» өлеңі - сол кезеңнің әнұраны.

Кез болған соң кер заман біздің баққа,

Жау жарағын асынып, міндік атқа.

Ел бастайтын ерлерге бұл бір зор сын,

Жаңа талап, жас ұлан, қарап жатпа!..

Алаш қаламгері Қошке Кемеңгерұлы отаршылдық дәуірде ұлттың екі жағдайда қаһармандық қозғалысты бастағанын көрсетеді: «Қалың қазақ екі-ақ орында наразылық білдірді: 1) шоқындыруға тырысқанда; 2) сыпырып жерін алғанда. Бірақ шаруа жүзінен төмендеп келе жатқандығын, күн сайын құлдық торы шырмап, тұншықтырып келе жатқандығын сезсе-дағы, келешекте өзінің қандай күйге түсетіндігінен хабарсыз болды һәм сол тұншықтырған албастыға қарсы істеген шарасы болмады» /10, 60/.

Осы жазушының «Тұтқынның ойы» атты шағын әңгімесі бар. Сонда мына жолдар шынжырға байланып, тар қапасқа тоғытылған қаһармандық бейнесін дәл ашып береді: «Талай жауға ажал дәмін татқызған, қайратты қамал бұзған батыр қолы еркін сермеуге келмей, қысылып, бүгіліп, мықты, темір ауыр кісеннің уысынан шыға алмады...» /10, 233/.

Кейіпкер сары уайымның, мүжілген мінездің адамы емес. Ол былай дейді: «Бүгінде ет, денем ауырса да, шірісе де, от рухым сау, бүтін. Бақытты келешектен үміт жібін кеспеймін. Сол қанатты үміт арқасында тірі жатырмын. Ерте, кеш пе бостандық дүниесіне шығатыныма сенемін. Өткен дәурен оралып, көшкен бақтың қайырылу ойына сенемін. Кең сарай, ақ орда, бостандық жұмақ төрінен орын алуға сенемін» /10, 233/.

Ұлт зиялылары бастаған істі кеңес платформасында жүріп орайымен жалғастырған мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер Смағұл Садуақасұлы 1922-1927 жылдар аралығында жазған «Сәрсенбек» атты романында бас кейіпкер аузына мынаны салады: «Бәріміздің басшымыз, патшамыз Кенекеңді пәлен деуге қалай аузың барады? Кенесарының саяси қыры қалай? Тәуке бидің жер туралы жасаған заңын білесің бе? Тәукенің заңы осы күнгі заңнан қай жері кем? Сарыарқаны мұжық қаптады. Жер туралы Кенесарының ойы қандай еді? Біз осы күнгі жүрген еуропашылатып алған революционерлер Кенесарыдай артымызға атақ-даңқ қалдырсақ жақсы еді..» /11, 80/.

Жағыпар Сұлтанбекұлының қазақ жері туралы кітабына жазған рецензиясында Смағұл тағы да: «Біз Кенесарыны құр аты үшін күйдіре алмаймыз. Кенесарының қызметіне қарай баға беру керек. Бұл туралы біз жолдас Жағыпардың қорытындысын әбден дұрыс дейміз» деп жазады /11, 357/.

Ұлт зиялылары ішінде Халел Досмұхамедұлы қаһармандықтың көсемдік сипатын ерекше айтады: «Елдің қимылын жолға салып, ұйымдастырып отыратын көсем керек. Құрастырушы көсем шықпаса, ұлы мақсаттың орнына уақ пайда болып, ұлы қимыл аяқсыз қалады» /12, 45/. Шын батырлық туралы былай дейді: «Жауда жанын аямады. Жауласса қолдың алдында, қашса артында болды. Жортуылға өзі жүрді. Жолдастарын тастамаймын деп барып өлді» /12, 48/. Бұл жерде әңгіме Исатай-Махамбет жөнінде болып тұр. Ал, арғы заманның қаһарманы Жалаңтөсті айтқанда, Шырдар (Шир-дор, Самарқан) дуалындағы парсыша жазбаға сілтеме жасайды: «Сап түзеп әділ әмір Жалаңтөс келеді, Кемелін мақтағанның тілі дүрге толған» /12, 78/. Көсемдік, жаужүрек, кемелдік - Халелше, міне, қаһарман сипаты.

Алаш қайраткерлерінің ел мен жер қорғаған батырларды ұмытпау мен ұлықтау туралы тұжырымдамасын ақын Мағжан Жұмабайұлы «Батыр Баян» поэмасының қорытындысында нақты жеткізген:

Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,

Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.

Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған,

Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.

Ел жауын зерттеп, өрт боп, тынбай жортқан,

Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас.

Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,

Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.

Қазақтың селі, желі, шөлі, белі

Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас! /3, 50/.

Тұтастай алғанда, ХХ ғасырдың бас ширегінде ұлттық серпілісті, ағартушылықты жалғастырған зиялылар мен қайраткерлердің ел тарихындағы қаһармандық туралы ой-пайымдарын төмендегідей жүйелеуге болады.

Біріншіден, олар өткен тұлғаларды жаппай мадақтауды емес, ұлтқа, халыққа сіңірген еңбегіне қарап бағалауды ұсынды.

Екіншіден, қаһармандар өмірінің жалпы тарихқа және нақты тарихи оқиғаларға қатысты деректерін құнттауды, насихаттауды және жария етуді қолға алды.

Үшіншіден, ел тарихына, тұлғаларына қатысты мәселелерді патшалық және большевиктік цензура тұсында да жүйесін тауып, ғылыми дәлдікпен жеткізді.

Төртіншіден, ел мүддесі мен мұраты жолындағы тазалығы, қағидатшылдығы, алғаусыз еңбегі олардың өзін де қаһарман етіп, тарих тұғырына көтерді.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры,

ҚР ҰҒА академигі

 

 

Жоғары қарай