Ауа райы
Нұр-Сұлтан 13 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 378.93
EUR 423.00
RUB 5.87
CNY 54.82

Қазақстан тәуелсіз ел атанған 27 жылдағы 27 жетістік

2018 жылдың 16 желтоқсан 2018 12:00 1860

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан биыл Тәуелсіздігінің 27 жылдығын атап өтіп жатыр. Осы уақытты адамзат тарихының қас-қағым сәті ғана десек те, Қазақ елі 27 жылдың ішінде елдіктің еңсесін тіктер қарқынды қадамдарды жасап, дербестігін бекемдей түсті, келешегіне кемел жоспар құрды. Осы ретте өткен мен бүгінді саралай келе ҚазАқпарат тілшісі Тәуелсіздік жылдары ішіндегі Қазақстанның басты 27 жетістіктерін тізіп көрді.

1. Әлбетте, үш жүз жылға тарта созылған бодандықтың қамытынан кейін ең басты жетістік ретінде - Қазақстанның 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялауын атауға болады. 16 желтоқсаннан бастап Қазақстан үшін жаңа тарихи кезең - Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз кітабында жазғандай «Тәуелсіздік дәуірі» басталды. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін мемлекеттің негізін қалаушы құжаттар қабылданып, әлем картасында Қазақстан атты ел қайта жаңғырды. Жас мемлекет шекарасын бекемдеп, өз армиясын құрды, дербес мемлекеттің қажетті басқару құрылымын шегелеп, мемлекеттік символдарын бекітті.

2. 27 жылдың ішінде әлемдік қауымдастықтар Қазақстанды толеранттылықты қамтамасыз етуге, барлық ұлттардың конфессияаралық және мәдениаралық байланыстарын нығайтуға бағытталған ішкі саяси жүйесі бар мемлекет ретінде мойындады. Қазақстанның ынтымағы жарасқан халқы заманға сай әрі бәсекеге қабілетті зайырлы мемлекеттің іргесін қалады.

3. Достықтың бейбіт әрі конструктивті саясатын жүргізіп, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастықты таңдаған Қазақстан халықаралық қауымдастықтардың толыққұқықты мүшесі ретінде бекітілді.


4. Қазақстанның егемендігі жарияланбай тұрып, Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен Семей облысындағы әлемдегі ең ірі сынақ полигондарының бірін жапты. Арада көп өтпей, дербес мемлекет ретінде Қазақстан әлемде қуаты жағына төртінші ядролық қару арсеналынан бас тартты. Еліміздің жасаған осы қадамдары әлемдік қауымдастықтардың, сонымен бірге жетекші державалардың сенімін нығайта түсті.

5. Қазақстан жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға қалай көшу керектігін өз жолымен көрсетіп берді. Нарықтық экономиканың барлық негізгі механизмдерін жолға қойды. Экономикасының ары қарай дамуы - жас мемлекетке ары қарай барлық саланы реформалауға мүмкіндік беріп отыр.

6. Қазақстанда демократияның негізгі қағидаттарына негізделген жаңа саяси жүйе құрылды, тиісті заңнама қалыптасты. Тиімді мемлекеттік басқару аппараты ары қарай жетілдірілуде.


7. Этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы теңдестірілген және көреген мемлекеттік саясаттың арқасында Қазақстан қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің айрықша моделін жолға қойып отыр.

8. Бұл модельдің маңызды бөлігі ретінде Мемлекет басшысының бастамасы бойынша құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясын атауға болады.

9. Қазақстанда екі модернизация сәтті өтті. Біріншісі тәуелсіздік алған жылдардан бері басталып, мемлекет жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға қарай көшін түзеді.

10. Екінші модернизация тоқсаныншы жылдардың соңында, 2030 жылға дейінгі Стратегияны қабылдау және Астананың ел орталығы ретінде бекітілуімен 2010 жылдың ортасында аяқталды. Қазақстан тұрақты экономикалық өсудің траекториясына түсті, мемлекеттік институттардың және орта тап жүйесін құрды, өз азаматтарының өмір сапасын едәуір жақсартып, жаңа астананы құрды. Өзінің теңшелген және жауапты да сауатты сыртқы саясаты арқылы халықаралық беделін нығайтты. Аймақта көшбасшылық құқығын дәлелдеді.


11. 2012 жылы мемлекет «Қазақстан - 2030» Стратегиясында белгіленген барлық міндеттерді мерзімінен бұрын орындады. Қазақстан әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің және даму деңгейі орташа елдердің тобына енді. Сонымен бірге, әлемнің 30 дамыған елінің қатарына кіру міндетін алға қойған «Қазақстан-2050» жаңа Стратегиясы қабылданды.

12. 2017 жылдың басынан бастап Қазақстанда үшінші жаңғыру жүзеге асырылуда. Оның негізгі міндеттерін Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың 31 қаңтарынан бастап «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында белгіледі. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, бұл жаңғыру қазіргі жаһандық сынақтарға қарсы тұрудың жоспары емес, болашаққа, «Стратегия-2050» мақсаттарына тартылған көпір іспеттес. Ол «Бес институционалдық реформа» бағдарламасын және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізінде жүзеге асырылады. Президент 30 дамыған елдің қатарына ену үшін әлемдік орташа және тұрақты прогресс деңгейінен жоғары экономиканың өсу қарқынын қамтамасыз етуге бағытталған жаңғыртудың бес негізгі басымдығын атады. Бірінші басымдық - экономиканы жеделдетілген технологиялық тұрғыда жаңғырту. Екінші басымдық бизнес ортасын түбегейлі жақсарту және кеңейту болса, үшінші басымдық - макроэкономикалық тұрақтылық. Төртінші басымдық - адами капиталдың сапасын арттыру. Бесінші басымдық - институционалдық өзгерістер, қауіпсіздік пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес.


13. Экономикалық табыстың арқасында халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашылды. 1996 жылы Қазақстан халқының 35 пайызы кедейлікте өмір сүрген еді. Қазір Қазақстан бұл күрделі кезеңді артта қалдырған ел.

14. Қазақстан - Тұңғыш Президенттің шешімімен жұмысын үйлестірген «Невада-Семей» әлеуметтік қозғалысынан бастап, ядролық қаруға қарсы күрес жүргізуде әлем елдерінің көш басында тұрған мемлекет. Қазақстанның бастамаларының арқасында БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық қарусыз әлем құру туралы жалпы декларацияны қабылдады.

15. Мемлекет басшысының салмақты беделі арқылы әлемнің жетекші елдерінің басшыларының арасында абыройға ие болған қазақстандық дипломатияның жетістіктері елімізге бітімгершілікке үлкен үлес қосуға жол ашты. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бөлімшелері Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік күштерінің іс-шараларына қатысады.

16. Қазақстан Республикасының бітімгершілік және антиядролық бағыттағы жұмысы 2017-ші жылдан бастап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануына байланысты жаңаша серпінге ие болды.


17. Қазақстан он жылдан астам уақыттан бері Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізуге мұрындық болып отыр. Сонымен қатар, саммит Орталық Азия аймағында және бұрынғы КСРО аумағында - тұңғыш рет Қазақстан астанасында өткізілді.

18. Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық барысында және форумның өзінде Қазақстан Ұйым жұмысының форматын өзгертетін ұсыныстар енгізе алды. 1-2 желтоқсанда өткен ЕҚЫҰ Саммиті үлкен саяси маңызы бар оқиғаға айналып, бұл Қазақстан мен оның көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы беделін одан әрі нығайта түсті.


19. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша пікір алмасу алаңы ретінде қалыптасып қалған әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съездері - дінаралық және конфессияаралық диалогты тек конструктивті форматта өткізуге мүмкіндік береді.

20. Қазақстан мен Тұңғыш Президенттің айрықша жетістігі - жаңа орталық - Астананың бой көтеруі. Соңғы 21 жылда қарапайым ғана облыс орталықтарының бірі - қалалық сәулет саласындағы барлық халықаралық талаптар бойынша, сондай-ақ мәртебелі қалаларға қойылатын барлық талаптарға сай астанаға айналды. Астана - егеменді Қазақстанның мақтанышы. Елорда бүкіл республиканың даму қарқынына серпін береді.

21. Қазақстанның жетістіктерінің бірі - Еуразиялық экономикалық интеграция саласындағы бастамалары, аймақтық экономикалық және саяси көшбасшылығы. Бүгін де Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕАЭО, КО, ҰҚШҰ, ЭЫДҰ және басқа да үкіметаралық бірлестіктердің, жетекші халықаралық ұйымдарының мүшесі. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемнің 180 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК және Түркі кеңесі секілді беделді халықаралық ұйымдарда төрағалық етті.

22. Қазақстанның өзге елдермен орнатқан өзара тиімді қарым-қатынастарын жеке айта кетуге болады. Солтүстіктегі Ресей Федерациясы - әлемдегі жетекші державалардың бірі, көрші ел әрі бұрынғы мегаполис. ҚХР - көршілес ел ретінде Қазақстанның экономикалық дамуын одан әрі жеделдетуге қабілетті үлкен әлеуеті бар сауда-экономикалық әріптес. Америка Құрама Штаттары және Еуропалық Одақ елдері - барлық ғылыми-техникалық жетістіктерге және сауда-экономикалық серіктестерге ие, заманауи әлемдік саясат пен экономикадағы негізгі үдерістердің дамуын айқындайтын мемлекеттер. Міне, осы мемлекеттердің бәрімен Қазақстан өзара тиімді байланысты жолға қойды.


23. Тәуелсіздік жылдарында Орталық Азияға құйылған инвестициялардың 70 пайызын Қазақстан өзіне тарта білді. Бұл ретте ең ірі инвесторлар - Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Франция, Ұлыбритания, Ресей, Италия, Жапония, Бельгия және Канада. Қазақстанға барлығы 300 миллиард доллардан астам инвестиция салынған.

24. 2009 жылы басталған индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы біртіндеп қазақстандық экономиканың барлық құрылымын кезең-кезеңмен өзгертіп келеді. Индустрияландыру жылдарында 1250 жаңа кәсіпорын және 300 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Әлемнің 100-ден астам елі қазақстандық өнімдердің тұтынушылары. Соңғы жылдары Қазақстанда бұрын өндірілмеген 500-ден астам өнім түрлері шығарыла бастады. Оның 50-ін еліміз экспорттауда. 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия бекітілгенін де ерекше атап өту керек.


25. 2017 жылғы «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі Астанада үлкен табысқа ие болды. Көрмеде  жас ұрпаққа жаңа жасыл технологиялар таныстырылып, қауіпсіз және ресурс үнемдейтін энергетика саласындағы ғылым мен техникалардың соңғы жетістіктері паш етілді. Көптеген инвестициялық келісімдер жасасып, көрмеден кейін болашақта белсенді түрде қолданылатын қуатты инфрақұрылым мұра болып қалды.

26. Осы жылдың шілде айынан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Астана» Халықаралық қаржы орталығы ЭКСПО көрме кешенінде орналасқан. ХҚО ағылшын құқығы бойынша жұмыс жүргізеді. Орталық қаржы капитал қақпасы, инвестициялық капитал орталығына айналуды көздейді.

27. Қазақстан спорт жағынан ең мықты 30 мемлекеттің қатарына кіреді. Елде белсенді өмір салты мен бұқаралық спортты насихаттау үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мемлекет спортқа үлкен қолдау білдіргендіктен, қазақстандық спортшылар ірі халықаралық жарыстарда биік белестерге жетуде. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның спортшылары олимпиада ойындары мен түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарда 70 олимпиадалық медаль мен 700-ге жуық медальді жеңіп алды.

Аударған: Аян Бекенұлы

 

 

Жоғары қарай