Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

ШҚО-да басшылық қызметтегі шенеуніктер партаға отырды

2018 жылдың 30 мамыр 2018 15:28

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы аудан әкімдері мен басқарма басшыларына арнап жобалау менеджменті бойынша треннинг өткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түске дейін треннингке облыс әкімінің орынбасарлары мен аудан әкімдері, басқарма басшылары мен аппарат жетекшілері қатысты. Ал түстен кейін басқарма басшыларының орынбасарлары мен мемлекеттік ұйым басшылары білім алуда.

«Елбасы нұсқаған 100 нақты қадамның тоғызыншы тармағын орындау мақсатында 15 өңірде академияның филиалдары ашылған болатын. Шығыстағы бөлімше бұған дейін ауылдық округ әкімдерін бюджетті тиімді игеру курстарынан өткізген. Ал бұл жолы облыстық деңгейдегі ең жоғарғы лауазымдағы басшыларды оқытпақпыз. Біздің жұмысымыз теориялық тұрғыда білім берумен шектелмейді. Көптеген ілкі жобаларды әдістемелік тұрғыдан сүйемелдейтін боламыз», - дейді филиал директоры Жанар Рысбекова.

Жалпы уақыты 15 сағатты қамтитын курсқа 50 шенеунік тартылған. Курс барысында олар өңірде қолға алынған 13 ірі жобаны жүзеге асыру бойынша әдістемелік нұсқаулықтар алады.

«Мысалы Шығыста Қытай стандарттары бойынша ауылшаруашылық өнімдерді сертификаттайтын зертхана ашылмақшы. Осы жобаны әдістемелік тұрғыда сүймелдеуді мойнымызға алдық алдық. Бүгінгі күннің мемлекеттік қызметкері білікті менеджер болуы қажет. Треннинг тізгіншісі Жанболат Даухарин британдық және еуропалық санаттар бойынша білікті дәріскер саналады. Курс біткен соң барлық қатысушыларға сертификат беріледі. Алайда оның қызметтік өсуде ешқандай артықшылығы болмайды. Курс шенеуніктің қызмет барысындағы тиімділігін арттыруға ғана бағытталған» - дейді Жанар Рысбекова.

Еркін форматта, ойындар мен пікірталастар түрінде өткен треннигте әлеуметтік жоба жетекшілері мен бақылаушы комиссия өкілдері шақыртылыпты.

«Облыста қолға алынған 13 әлеуметтік жобаның бірі - денсаулық сақтау саласын жетілдіруге арналған. Мен сол жобаны бақылау комиссиясының мүшемін. Бүгінгі курс комиссия құрамында атқаратын жұмыстарды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын», - дейді облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы Маржан Бақытқызы.

Жоғары қарай