Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Бақытжан Сағынтаев Инвестициялар министріне бірқатар тапсырма берді

2018 жылдың 27 наурыз 2018 14:18

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке өңдеу өнеркәсібінің барлық саласына талдау жасауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бағдарламаның (Индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы-авт.) 2017 жылғы нәтижесі жаман емес. Барлық негізгі көрсеткіштер бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Дегенмен бірнеше мәселеге көңіл бөлгім келіп отыр. Бірінші, Үкіметтің өткен жолғы кеңейтілген отырысында Елбасы өңдеу өнеркәсібінің өсіміне қарамастан оның экономикадағы үлесі соңғы жылдарда 11 пайыздан аспайтынын атап көрсеткен болатын. Осыған байланысты Үкіметтің алдына өңдеу өнеркәсібінің қарқынын мұнан да жоғарылату міндеті қойылды. Сол себептен Жеңіс Махмұдұлы (Инвестициялар және даму министрі Қасымбек - авт.) сіздің министрлік Ұлттық экономика және салалық министрліктермен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып, өңдеу өнеркәсібінің барлық саласына талдау жасап, әлеуеті бар өсу нүктелерін айқындауы қажет», - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында индустрияландыру жаңа технологиялар енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс екендігін ерекше атап көрсеткендігін еске салды.

«Сол себептен Жеңіс Махмұдұлы айтылған мәселелердің барлығы индустрияландырудың жаңа мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын дайындау кезінде ескерілуі қажет», - деді ол.

Мұнан бөлек, Премьер-Министр Инвестициялар және даму министрінің назарын Индустрияландыру картасы жобаларын іске асыруға аударды.

«Өңірлік карталарды қараған кезде 100-ден астам жоба енгізіліп отыр. Алайда олардың барлығы индустрияландырудың басымдықтарына сай келмейді. Осыған байланысты Жеңіс Махмұдұлы, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып, қажетті іс-шараларды қамтамасыз ету керек. Тағы бір мәселе, Жеңіс Махмұдұлының баяндамасында айтылып өткендей, өңделген өнімнің экспорты бойынша көрсеткіштерді қарайтын болсақ, Ақмола облысының былтырғы жылғы нақты көлем индексі 60, Оңтүстік Қазақстан облысы 71, Астана 40, Алматы 87 пайызды құрайды. Осы өңірлердегі құрметті әріптестер мына айтылған цифрларға көңіл бөлулеріңізді сұраймын», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Жоғары қарай