Ауа райы
Астана 29 °С
Алматы 36 °С
валюта бағамы
USD 383.01
EUR 430.12
RUB 6.10
CNY 55.70

Аризона инвесторлары Қазақстанда мыс өндірісін дамытпақ

2019 жылдың 6 маусым 2019 14:04 677

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Аризона штатының тау-кен компаниялары Қарағанды облысының мыс өндірісіне инвестиця салуға ниетті. Бұл туралы ҚР Стратегиялық бастамалар орталығының жобалар жөніндегі директоры Бақытжан Сәркеев айтты , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық өкілі Аризона штаты мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыс әуелі тау-кен өндірісі мен аэроғарыш саласынан бастау алатынын айтады. Бұл байланыс жекелеген кәсіпорындар аясынан шығып, мемлекеттік сектор деңгейінде дамымақ.

«Аэроғарыш саласында ұшқышсыз аппарттар өндірісі бойынша бірлескен жобалар бар. Бұл жерде аризоналықтар бізге технологиялық өнімдерін сатады деген сөз емес. Өздерінде жемісті жұмыс істеп тұрған жоғары технологиялық кәсіпорындардың бөлімшелері Қазақстанда ашылуы мүмкін. Бұл медицина және қорғаныс саласына қатысты. Әзірге нақты қандай жоба қолға алынатыны, оған қанша инвестиция тартылатыны белгісіз. Бұл жолғы делегация мемлекеттік орган өкілдері деуге болады. Осыдан кейін бізге бизнес секторы келеді. Нақты келісімдер сол кезде жасалады», - дейді Бақытжан Сәркеев.

Дегенмен, баспасөз мәслихаты барысында екіжақты келіссөз нәтижесінде кемінде 2 млрд теңгенің инвестициясы Қазақстанға тартылатыны да айтылды.

«Аризона кәсіпорындары мыс өндірісі бойынша серіктестік орнатуға құлықты. Аталған 2 млрд теңге инвестицияның негізгі бөлігі осы бағытқа жұмсалмақ. Қарағанды және Жезқазған өңірлеріндегі мыс қорын бірлесіп игеру бойынша келіссөз жүргізу көзделген», - дейді стратегиялық бастамалар орталығының өкілі.

Айта кетсек, Қазақстанға АҚШ-тың Аризона штатынан өкілдер палатасының бірнеше мүшесі келді. Олар 5-13 маусым аралығында Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы, Түркістан және Өскемен қалаларына баруды жоспарлап отыр. Сапар нәтижесінде  Аризона өкілдер палатасы Нұр-Сұлтан қаласында тұрақты кеңсесін ашады.

Фото: metalspace.ru

 

Жоғары қарай