Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 389.52
EUR 429.21
RUB 6.07
CNY 54.94

Архимед Мұхамбетов: Әр кәсіпорын көпбалалы отбасыларға қамқорлық жасауы тиіс

2019 жылдың 11 сәуір 2019 23:47

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда облыстық меценаттар клубы тағайындаған «Қазына» және «Шабыт» сыйлықтарын тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Елімізде баламасы жоқ осынау шара 2000 жылы Елбасының Жарлығымен бекітілген «Мәдениетті қолдау жылы» аясында басталған болатын. Осы «Қазына» және «Шабыт» сыйлықтары 2000 жылдан бері тапсырылып келеді. Атаулы марапатқа «Әдебиет», «Бейнелеу өнері», «Театр өнері», «Музыка өнері», «Вокал өнері», «Хореография», «Журналистика», «Ғылым», «Мәдени мұра», «Ауыл жанашыры», «Білім», «Шығармашылық ұжым жетекшісі», «Спорт» номинациялары бойынша жоғары кәсіби шеберлігімен озып шыққан алуан түрлі саланың мамандары ие болады. Шараның ашылу салтанатына сөз сөйлеген облыс басшысы Архимед Мұхамбетов меценаттарға алғысын айтты.

«Кәсіпкерлеріміз өңірдің дамуына үлес қосып келе жатқан, еңбегімен оқ бойы озық шыққан сала мамандарына қаржылай демеу көрсетіп отырады. Бір қуантатыны, жылдан жылға Меценаттар клубы сыйлығына үміткерлер қатары көбейіп келеді. Осы жылдар ішінде өнер мен мәдениет, білім мен ғылым, журналистика салаларының 500-ден астам өкілдері сыйлыққа ие болды. Меценаттар клубының мүшелері жалпы сомасы 248 млн теңгеден асатын қолдау көрсетті. Бүгінгі салтанатты шараны пайдаланып, осы игілікті іске атсалысып жүрген барша кәсіпкерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында мәні терең, өнегесі мол осындай істеріміздің ауқымы кеңейе беретіндігіне сенемін», - деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өзінің құттықтау сөзінде.

Сонымен қатар, облысы әкімі меценаттардың көпбалалы аналарға көрсетіп келе жатқан көмектеріне тоқталды.

«Жомарт азаматтар жыл сайын көп балалы отбасыларға, сырқат балаларға қол ұшын созып келеді. Осы сәтті пайдаланып, әр кәсіпорын басшысына аз қамтылған 3 отбасыдан қамқорлыққа алуға шақырамын. Менің бұл ұсынысымды бизнес өкілдері қолдайды деген үміттемін», - деді Архимед Мұхамбетов кәсіпкерлерге.

«Шығармашылық ұжым жетекшісі» аталымында «Шабыт» сыйлығын алған өңірге белгілі домбырашы Наурызбай Әмірхамзиннің сөзінше, мұндай сыйлықтар жастар талғамын арттыруға септігін тигізеді.

«Бір жыл бойы атқарған жұмысың еленіп жатса, одан асқан қуаныш жоқ. Себебі, бүгін сахнаға шығып, сыйлықтарын алып жатқандардың бәрі өз салаларында жоғарғы жетістікке жетті. «Шабыт» сыйлығы өз атына сай, әр жасты шабыттандырады. Әлі де ізденуге серпін береді», - дейді жеңімпаз.

Наурызбай Әмірхамзин жетекшілік ететін "Нұр Әуен" өнер студиясының шәкірттері 2018 жылдың қаңтар айында Алматы қаласында өткен "Алматыдағы қысқы ертегі" атты республикалық жасөспірімдер сайысында 1 орын алды. Бүгінде бұл өнер ұжымы облысты халықаралық жарыстарда қорғап жүр.

Меценаттар ұйымдастырған кеш концерттік бағдарламамен түйінделді. Бүгінгі кешке опера әншісі Сүндет Байғожин келіп, ән шырқады. Сонымен қатар, «Назар», «Достар» вокал топтары мен «Орал» хореографиялық ұжымдары жеңімпаздарға арнап өнерлерін ұсынды.

Жоғары қарай