Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

Араб шейхтарының аңшылығынан түскен қаражат экологияға жұмсалады – Дәурен Абаев

2019 жылдың 17 қазан 2019 22:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және даму министрі Дәурен Абаев араб шейхтарына аң-құс аулауға рұқсат беру бастамасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұнда браконьерлікке тыйым салып, араб шейхтарына рұқсат беру туралы қосарлы стандарт жоқ. Ең алдымен, мәселені заң жүзінде регламенттеу қажеттігі туып отыр. Яғни, аңшылық жасайтын орынды анықтау, аңшылық мерзімін бекіту және аулауға рұқсат етілген аң-құс санын көрсету керек. Қазір де өзіміздің балықшылар мен аңшыларға осы тәртіппен жолдама беріледі. Екіншіден, әрбір ауланған құс аңшы үшін айтарлықтай қымбатқа шығады. Ол қаражат экология мен қорықтық аймақтарды қорғауға жұмсалады», - деді министр «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев келтірген дерекке сәйкес, Қазақстанда 969 дуадақ атылған және керісінше 21 мыңнан астам дуадақ еркіндікке жіберілген.

«Тағы бір мысал, 70-жылдардың басында Кения билігі шетелдіктердің аң аулауына тыйым салды. Бұл жануарлар әлемін сақтап қалатын дұрыс шешім тәрізді көрінеді. Алайда, содан бері Кения қаражаттың болмауынан, табиғи парктерін қорғай алмады, жабайы аңдардың 2/3 бөлігінен айырылды. Оңтүстік Африка Республикасында жағдай басқаша, олар трофейлік аңшылыққа барынша жағдай жасады. Қазір олардың жабайы аңдары жарты миллионнан 20 миллионға жетті», - деп өз сөзін түйіндеді министр.

Жоғары қарай