Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Алмаз Шарман коронавирус инфекциясы қандай жолдармен жұғатынын түсіндірді

2020 жылдың 27 ақпан 2020 14:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Танымал медициналық профессор Алмаз Шарман коронавирус инфекциясын жұқтырып алмауға қатысты ақыл-кеңесімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус инфекциясының таралуы пандемияға тән сипатқа ие болып бара жатқан секілді. Қазірдің өзінде тиісті қорғаныс шараларын қабылдау керек. Ең алдымен айғай-сүрең мен жалған ақпарларға сенбеуге шақырар едім. Шынайы ақпаратқа сүйеніп, инфекцияның қандай жолмен тарайтынын анықтап алған абзал. Коронавирус жұқтырған адаммен жақын қарым-қатынаста болған жағдайда жөтел немесе түшкіру кезінде, яғни ауа арқылы құрамында вирусы бар сілекей арқылы жұғады. Бұл тамшылар кісінің жанында тұрған адамға жетіп, қасындағы адам оны жұтып қоюы мүмкін», - деп жазады Алмаз Шарман Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, вирусы бар адамнан 2 метр ғана қашықтықта тұрған кісі 10 минуттың ішінде өзі де коронавирус инфекциясын жұқтыруы мүмкін.

«Сонымен бірге, вирусты тамшылар әртүрлі заттардың бетіне де, мәселен автобустың орындығына, кітап пен клавиатураға, тінтуірге шашырауы ықтимал. Сол үшін әрдайым қолыңызды таза сумен жуып отырған жөн. Алақанды ысқылай жуып, буынның сыртқы бөлігінде, саусақтар мен тырнақ ішін де тазалап отыру керек. Қолды шамамен 20 секундтан артық жуу керек. Жөтелген немесе түшкірген кезде мұрныңыз бен аузыңызды мейлінше салфеткамен жабуға тырысыңыз. Қолданылған салфетканы бірден лақтырып отыру керек. Егер қасыңызда салфетка болмаса, аузыңызды алақаныңызбен емес, шынтақпен жабуға тырысыңыз», - дейді профессор.

Бұдан бөлек Алмаз Шарман қарапайым медициналық маскалар жеткілікті дәрежеде қорғай алмайтынын айтады.

«Алайда маскалар кішкентай аэрозольды бөліктерден сақтай алмайды. Сонымен қатар маска көзді де қорғай алмайды. Көз арқылы да вирус ағзаға еніп кетуі ықтимал. Басқаша айтқанда маскалар коронавирус инфекциясынан жеткілікті дәрежеде қорғай алмайды», - деді ол.


Жоғары қарай