Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Алматының Орталық саябағына Батырхан Шүкеновтің мүсіні қойылады

2019 жылдың 21 наурыз 2019 20:58

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде жаңарған Орталық мәдениет және демалыс саябағын аралап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін жаңа фонтандар, балалар мен спорт алаңдарын салуға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 1,6 млрд теңге жеке қаржы инвестицияланған еді.

Орталық саябақ директоры Владимир Калинин өзінің сөзінде жарық діңгектерінің қойылып, асфальт төселгенін, тротуарлар плиткаларының жаңарғанын, заманауи навигацияның орнатылғанын айтты. Бұрын көлік тұрағы болған саябақтың нақ төріне спорт алаңдары, стрит-воркаут, баскетбол және футбол алаңдары, роллердром, заманауи бетонды скейт парк орналасқан. Жазғы сахна маңында жаңа субұрқақ, 10 жыл бойы жұмыс істемеген, қайта жаңарған фонтан бар.

«Дәстүрді құрметтей отырып, реконструкциялау кезінде біз «Тенгриан күнтізбесін» бейнелейтін кешенді мүсін жасау туралы шешім қабылдадық. Ал бұл Орталық Азияның көшпелі елдерінің 12 жылдық «шығыс күнтізбесін» көрсетеді. Осы ретте біз тарихшылармен, сарапшылармен кеңестік, олардың арасында белгілі өнертанушы доктор, профессор Әсия Ибадуллақызы Мұхамбетова бар. Меніңше, бұл жер болашақта саябақтың нағыз көрнекті орнына айналады деп ойлаймын», - деді Владимир Калинин.

Биылдың өзінде мұнда тағы да қосымша жаңа балалар қалашығы, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін спорт алаңы және «Музыка бағы» пайда болады. Дәл осы жерге Бауыржан Байбектің ұсынысы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Батырхан Шүкеновтың мүсіні қойылады.

Бауыржан Байбек «Visit Almaty» жаңа туристік ақпараттық орталығында болды. Ол Вознесенск кафедралды соборының ескерусіз қалған, кейін жаңарған кешеніне орналасқан, сонымен қатар сонау 90-шы жылдардан бері жұмыс істемей тұрған велотректің спорт кешенін жаңарту жұмысының барысын тексерді. Қала әкімі тротуарларды, оның ішінде Орталық саябаққа апаратын Гоголь көшесін абаттандыруға ерекше назар аударды.

Айта кетерлігі, бүгін Алматы әкіміне бірқатар қала тұрғындары Елбасының Мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы шешімін құптамайтындықтарын білдіріп жатты.

«Президенттің отставкаға кетуін мен өте ауыр қабылдадым», - деді Алматыда тұрғыны.

Өз кезегінде Бауыржан Байбек Нұрсұлтан Назарбаевтың қашанда халықпен бірге екенін және қазақстандықтар үшін Елбасы екенін айтты.

«Жылы сөздеріңіз үшін Сізге көп рахмет. Елбасы халқымыз үшін орасан істерді атқарды, ол ешқайда кетпейді, «Nur Otan» партиясының төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы, ұлтымыздың Елбасы ретінде ол бізбен бірге. Елбасы жүргізген мемлекеттік сындарлы саясат одан әрі жалғасады, оның ішінде этникааралық және конфессияаралық келісім, қоғамда бейбітшілікті сақтау сынды құнды модельдер жаңғыра түседі. Мен осы жаңа ғана 28 гвардияшылар-панфиловшылар саябағында болдым. Қазір ол жерде Алматы тарихын айшықтай түсетін Вознесенск кафедралды соборы және қаланың бірқатар нысандары реконструкциялануда», - деді қала әкімі.

Жоғары қарай