Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Алматылық ұстаздар ұлттық ойындарды үйретеді

2019 жылдың 28 қыркүйек 2019 05:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Аулаға асығыңыз!» атты әлеуметтік жоба бастау алды, деп хабарлайды ҚаАқпарат.

Оқу орнының ректоры Гаухар Алдамбергенованың бастамасымен қолға алынған жобаның мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу, ұлттық ойындарды ұлықтау. Алматы қаласының аулалары мен ойын алаңдарында жүзеге асырылатын іс-шара жеткіншектердің заманауи гаджеттер мен компьютерлерге деген тәуелділігінен арылтуға үлес қосуды да көздейді.

Бір бұл ғана емес. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде пайдалануға берілген оңтүстік астанадағы спорт пен аула алаңдарын тиімді пайдалануға өз септігін тигізбек.

Алмалы ауданының әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараның алғашқы күні белгілі өнер майталманы Сәкен Майғазиев жетекшілік жасайтын «Smart» өнер мектебінің оқушылары, танымал блогерлер мен Қыздар университетінің ұжымы мектеп жасындағы жеткіншектерге асық атуды, ләңгі тебуді үйретті. Өзге де ұмыт бола бастаған ойындармен таныстырды.

Ұйымдастырушылар ұлттық ойындарды ұлықтау – қазақты әлемге танытудың бір үлгісі деп пайымдайды.

– Қазіргі күнде асық ойнаған, ләңгі тепкен немесе осы тақілеттес дененің шынығуына пайдасы мол ойындарды ойнап жүрген балаларды үнемі көреміз деп айта аламыз ба? Әлде ғаламтордан бас алмай, телефонға телміргендерге көп көзіңіз түсе ме? Әрине соңғысының бәсі басым болып тұр. Өкінішті жайт. Осы орайда айта кеткен ләзім, әр ұлттың өзіндік төл тарихы, ділі мен діні, тілі мен салт-дәстүрімен қатар ұлттық ойындары да болады. Киіз туырлықты қазақ халқының да бірқатар ұлттық ойындары бар. Бабадан балаға мұра болып жеткен ойындардың басым бөлігі баланың денсаулығы үшін тигізетін пайдасы айтарлықтай зор. Сонымен қатар оның ұрпақ тәрбиесінде атқаратын рөлі де үлкен. Біздің бұл әлеуметтік жобаны қолға алғандағы мақсатымыз да осы. Ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту арқылы өскелең ұрпақтың парасат-пайымын арттыру, олардың салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, – дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жаңагүл Сұлтанова.

Оның айтуынша, әлеуметтік жоба бір реттік ғана шара емес. Ол алдағы уақытта да Алматы қаласының әр аймағында жалғасын таппақ.

Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Алматы, Білім,
Жоғары қарай