Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Алматылық полицей құлаған ұшақтағы нәрестені қалай құтқарғанын айтып берді

2019 жылдың 27 желтоқсан 2019 21:28

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Полиция қызметкері Жақсылық Сұлтанов Алматы маңындағы ұшақ апатында кішкентай нәрестені қалай құтқарғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізге шақырту келіп түсті. Жақын маңда жүрген едік, оқиға орнына тез жеттік. Әріптесім екеуміз бірнеше адамды сыртқа алып шықтық. Арасында марқұмдар да болды. Сосын бізге «үйдің арт жағын қараңдаршы, тағы адамдар болуы мүмкін» деді. Біз ол жақтан 30-35 жастағы әйелді таптық. Ол аяғы сынып, үнсіз жатыр екен. Кеудесінде кішкентай сәби жатты. Бірақ алғашында мен оның бала екенін білмедім. Білген соң әйелге «баланы алып, жедел жәрдемге берем» дедім. Ол көзін жұмып, келісімін берді. Баланы көтере бергенде ол жылап қоя берді. Бірақ жолда үні шықпай қалды. Мен оны дыбысын шығарса екен деп сілкідім. Сосын нәрестені жедел жәрдем қызметкерлеріне таасырдым», - дейді Жақсылық Сұлтанов.

Оның айтуынша, бала шамамен 6 айлық.

«Балақай тіпті кішкентай. Бір жасар балаға ұқсамайды. Өзім де әке болған соң білем ғой», - дейді полицей.

Жақсылық Сұлтанов – Алматы қалалық полиция департаменті патруль полиция полкінің аға лейтенанты. Ол мұндай жағдайға бірінші рет тап болып отыр.

Айта кетейік, кішкентай нәрестені құтқару туралы видео ұшақ апатынен кейін әлеуметтік желілерде тарап кетті. Кейіннен оның 9 айлық Әділжан Ғатиат екені белгілі болды.

Бұл бала ми жарақатымен ауруханаға түскен. Іші, ішкі органдары соққы алған. Жағдайы бірқалыпты. Ал оның әкесі 27 жастағы Ғатиат Мақсұт Болатқанұлы бас жарақатымен шұғыл медициналық қызмет көрсету ауруханасына жатқызылды.

Анасы 27 жастағы Ғатиат Айсұлу Ерқанатқызы кіші жамбастағы ұршық буынының соққысы, бел омыртқасының жарақаты диагнозымен түсті.


Жоғары қарай