Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Алматыдағы құрылыс компаниялары қазақстандық өнімдерді сатып алмақ

2020 жылдың 26 ақпан 2020 17:00

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланы дамытуға қатысты проблемалық мәселелерді талқылау үшін құрылыс компанияларының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр Алматыда 2,1 млн шаршы метрге жуық үй пайдалануға берілсе, биыл шамамен 2,2 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 19,5 мың пәтер салу жоспарланған.

Оның ішінде, 1553 мың шаршы метр коммерциялық құрылыс немесе 16 029 пәтер, 593 мың шаршы метр жеке тұрғын үй немесе 2374 тұрғын үй. Мемлекеттік бюджет есебінен 64,5 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 1130 пәтер салу жоспарланып отыр.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтқандай тек Наурызбай ауданының өзінде ғана шамамен 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

«Осыған орай, қаланың жол-көлік инфрақұрылымының жүктемесі артып келеді. Сондықтан Абай даңғылын үңгілеу жұмыстарының қарқынын төмендетпеу керек. Енді эконом-класты үйлерге инженерлік коммуникацияларды жүргізген кезде пәтерлердің қолжетімділігіне мән берілетін болады. Аса маңызды мәселенің бірі - қалалықтар санының артуына орай әлеуметтік нысандарға түсетін жүктеме көбейді. Құрылыс компанияларының басшылары бұл проблеманы бірге шешуге дайын екендіктерін білдірді. Кешенді құрылыс барысында мектептерге, бала бақшаларға, емханаларға түсетін жүктемені алдын ала болжап, әлеуметтік нысандарды салудың тетіктері анықталатын болады. Бос алаңдардың тапшылығынан құрылыс нарығына қатысушылармен бірге «Ескі үй» бағдарламасының маңызы артады. Бүгінгі күні қалада 1440 үй осы санатқа жатады», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Әкіммен кездесуде салынатын әр шаршы метрдің қолжетімділігі үшін құрылысты жүргізушілер отандық өндірушілерден құрылыс және әрлеу материалдарын сатып алу көлемін ұлғайтуға дайын екендіктерін мәлімдеді.

Сондықтан Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша Алматының Индустриалды аймағындағы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясындағы жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмыстар жандандырылады.

Кездесу барысында құрылысты салушыларға әкімдіктің қаланың тарихи орталығында және аулаларда орналасқан учаскелерде үй салуға тыйым салатын позициясының еш өзгермейтіні тағы бір рет ескертілді.

«Қала өсіп жатыр. Сондықтан құрылыс мегаполистің жетекші драйвері болып қала береді. Мұнда барлық тараптардың – әкімдіктің, құрылысшылардың және тұрғындардың мүдделерін қорғау маңызды. Бұған ашық диалог арқылы қол жеткізуге болады. Оны тұрақты жүргізетін боламыз», — деді Б. Сағынтаев.


Жоғары қарай