Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Алматыда жасампаз жастардың жаңа коворкинг-орталығы ашылды

2019 жылдың 19 маусым 2019 14:29

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Жастар жылы аясында «Nur Otan» партиясысының Алматы қалалық филиалында «Jas Otan» коворкинг-орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа орталық Open Space қағидасы бойынша жабдықталған, бірнеше бөлімнен тұрады. Мұнда IT station, 1000 кітап қоры бар Reading platform кітапханасы, семинар, тренингтер өткізетін Meeting room бар. Бұл орталықтың ашылуына алматылық меценаттар Әміржан Нәбиев, Вячеслав Банщиков пен Қайыржан Мимикенов ұйытқы болды.

Бүгін жаңа коворкинг-орталықта бірінші маңызды шара өтті. Жасампаз жастардың басын біріктіретін орталықта «Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Байбек қауымдастықтың жаңа мүшелеріне партия билеттерін табыс етті.



Олардың арасында қазақ тілі клубының жетекшісі Марина Фалеева, Қазақстан параолимпиада ойындарының бірнеше дүркін чемпионы Азамат Оразбек, жас композитор Ғаламат Бейсеқожа, Сингапурде өткен «медицина саласы бойынша 100 үздік стартап жобаның» жеңімпазы Алина Ачилова, «L-Generation» басшысы Эдуард Ли, тележүргізуші Диана Сқатова, «Арлан» театрының актері Шалқар Құдайбергенов бар.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, жастарды қолдау, оларға жағдай жасау Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды қолдау тапсырмасының үдесінен шығып отыр.

Айта кету керек, бұл Алматы әкімдігі ашып отырған алғашқы орталық емес. Бұған дейін Алатау, Наурызбай аудандарында ашылған коворинг-орталықтар жастардың мәдени, әлеуметтік, экономикалық, идеялық орталықтарына айналған. Қазір онда үздіксіз мастер-класстар, тренингтер, жастарды жұмысқа орналастыру бойынша кеңестер өткізіліп отырады. Сондай-ақ, Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы модернизациядан өтіп, заманауи кейіпке енді. Бұрынғы Трамвай тұрағында жастарға арналған Лофт- орталық пен «Depo Evolution Park» ашу жоспарда бар.



Елбасының бес әлеуметтік бастамасы бойынша Алматыда 20 мың орынды 38 жатақхана салу жоспарланып отыр. Бүгінде төрт жатақхана қолданысқа берілді. Жақында тағы бесеуі ашылады. Қалалық «Алматы жастары» бағдарламасы аясында соңғы екі жылда 200 жас отбасы баспаналы болды. Сондай-ақ, кәсіби және техникалық білімге де ерекше назар аударылып отыр. Қазіргі таңда 30 мыңнан астам жас сервистік қызметті тегін үйреніп алды.




Жоғары қарай