Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Алматыда үнемделген бюджет қаражатына мектеп салынады

2019 жылдың 19 сәуір 2019 18:50

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жергілікті бюджеттен жыл басынан бері 13,8 млрд теңге үнемделді. Бұл қаражат халықтың аз қамтылған тобының әлеуметтік қажеттіліктеріне, мектептер мен бала бақшалар салуға, денсаулық сақтау мен қауіпсіздікке, сонымен қатар қаланы абаттандыруға жұмсалмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысының көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау шараларын күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қосымша 2,5 млрд теңге бөлінеді. Елбасының тапсырмасы бойынша бұрын негізсіз жобаларды қаржыландыруды оңтайландыру есебінен қалалық «Бақытты отбасы» әлеуметтік бағдарламасын жүзеге асыруға 3,1 млрд теңге жұмсалады.

Наурызбай және Әуезов аудандарында қарттарды қолдау бойынша екі орталық, Медеу ауданында психоневрологиялы ауытқушылығы бар мүгедек балалар емделетін күндізгі бөлім және Түрксіб ауданында психоневрологиялы сырқатқа ұшыраған жандарға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін 360 орынды Орталық ашуға қаржы бөлінді.

Жаңа білім беру нысандары салынған соң қазіргі кезде мектептерде орындардың жетіспеушілігі 20%-ға, бала бақшаларда 14%-ға азайды. Дегенмен, қала тұрғындарының саны жыл сайын орта есеппен 50 мың адамға, оқушылар саны 10-12 мыңға, мектеп жасына дейінгілер қатары 5-7 мыңға өсіп жатыр. Нәтижесінде кейбір мектептерде оқушылар саны артып кеткен. Мамыр-5,6 ықшам аудандарында - 1200 орындық екі мектеп, Нұршашқан поселкесінде - 600 орынды мектеп, Ақсай-3а ықшам ауданында - 225 орындық мектеп, ал Думан-1 елді мекенінде 850 орындық қосалқы нысан салуға республикалық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінді. Жас қанат, Алғабас ықшам аудандары мен Бостандық ауданында салынып жатқан үш бала бақша құрылысын аяқтау үшін жергілікті бюджеттен 212,6 млн теңге жұмсалатын болады.

Жоғары қарай