Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

Алматыда Рухани келісім күні аталып өтті

2019 жылдың 18 қазан 2019 12:44

АЛМАТЫ . ҚазАқпарат – Алматыда Рухани келісім күні мерекесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мегополисте дін саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген мамандар марапатталды. Сондай-ақ, Рухани келісім күнін мерекелеу аясында қалалық Қоғамдық даму басқармасының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» ҚҚ және Алматы қаласындағы діни бірлестіктер жетекшілер клубы арнайы көрме ұйымдастырды




Шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысты. Оның айтуынша, Елбасының ұлтаралық және конфессияаралық татулықты сақтауға негізделген саясаты қоғамдағы тыныштықтың кепілі болып келеді.

«Алматы қаласында еліміздің ең ірі діни бірлестіктері, рухани орталықтары шоғырланған. Қалада ислам, христиан, иудаизм, буддизм сынды әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері көп. Осыған орай бүгін елімізде Рухани келісім күні кең көлемде аталып өтуде. Бұл мерекенің 27 жылдық тарихы бар. Естеріңізде болса ең алғаш 1992 жылы Алматыда Елбасының қатысуымен І әлеуметтік конгресс өткен болатын. Сол жылдан бері Рухани келісім күні дәстүрлі түрде аталып өтуде. Мақсаты – еліміздегі мәдениетаралық және конфессияаралық диалогты нығайту. Сонымен қатар, ең басты құндылығымыз – тұрақтылықты сақтау»,- деді қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.

Бұл идея Елбасының бастамасы бойынша рухани үйлесімділікті ұйымдастыру туралы мәселесінен туындаған болатын. Сондай-ақ, адамзаттың болашағына бағытталған осы бастама – қазіргі және келешектегі жаһандық қауіп-қатерлерді еңсеруге бағытталған перспективалық бастама екенін анық.




«18 қазан күнін Рухани келісім күні деп жариялауға шақырған манифест қабылданды. Осы кезден бастап Қазақстанда 18 қазан күні Рухани келісім күні ретінде тойланып келеді. Біздің елімізде 130 этнос пен 18 конфессия өкілдері өмір сүреді. Қазақстан ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісін жасады – мұны халықаралық сарапшылар да мойындап отыр. Этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудағы қазақстандық жолды қазіргі кезде көптеген елдер үлгі тұтуда»,- деді Рим-католик шіркеуінің өкілі Карлос Лаос.

Қазақстанда дін бостандығы бар және кез келген адам өзіне жақын дінді таңдай алады. Бірақ, ең бастысы, ол – адамдардың тағдырын өзгертпеуі, мемлекеттік саясатқа қарсы болмауы, мінезін бұзбауы тиіс. Қазіргі кезде діннің ахуалы діни бірлестіктердің ұдайы өсуімен ғана емес, діни құрылымдардың белең алған белсенділігімен де сипатталады.

«Біз – дос болам деген адамға құшағын айқара ашқан кең пейіл халықпыз. Көңілімізбен пиғылымыз қандай кең болса Жаратушы иемізде бізге сондай ұланғайыр жерді еншімізге бұйыртқан. Бұл жай әшейін кездейсоқтық емес екені тарихтан хабары бар адамның бәріне аян. Ұлт пен ұлыстар арасындағы татулық тұрақты болып, еліміз аман жұртымыз тыныш болсын!», - дейді салтанатты шараға қатысқан Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай.




Рухани келісім күнінін тойлауға келген қатысушылар, Қазақстан зайырлы мемлекет. Татулық, ауызбірлік, мейірім мен кішіпейлділіктің үлгісі болған ел екенін атап өтті.

«Біздің әсем Алматыда діни бірлестіктер жетекшілерінің клубы бар. Оның құрылғанына үш болды. Клуб түрлі дін өкілдері діни және әлеуметтік мәселелерді талқылайтын, еркін пікір алмасатын алаңға айналды. Біз айтулы діни мерекелерге қатысамыз, бір-бірімізге құрмет көрсетеміз, барлық маңызды мемлекеттік мерекелерді бірге тойлаймыз. Сондай-ақ, спорттық шаралар өткізіп, ғылыми конференцияларға қатысамыз.Біздің мақсатымыз - татулықты нығайту, бейбіт заманда өмір сүру және барлық дінге құрметпен қарау. Бізді ортақ бір нәрсе байланыстырады. Ол құдайға сену, өз дініңе берік болу», - дейді Евангели христиан – баптистер шіркеуі бірлестігінің Алматы және Алматы облысының пресвитері Алексей Лубошников.

Алматы қалалық Қоғамдық даму басқарманың мәліметінше, қалада 17 конфессияның 180 діни бірлестігі тіркелген.

Айта кетейік, мерекелік шара аясында тақырыптық кітаптардың және фотосуреттердің көрмесі, концерттік бағдарлама ұымдастырылды. Ал, кездесуге жиналған ғалымдар мен дін өкілдері Қазақстанда бейбітшілік идеяларын қалыптастыру және нығайтудағы діндердің рөлін ескеріп, халықты ынтымаққа, ауызбіршілікке шақырды.

Шараны Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қоры және Алматы қаласындағы діни бірлестіктер жетекшілерінің клубы ұйымдастырды.

Жоғары қарай