Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Алматыда медицина колледжінің студенттері діни сауаттылық жөнінде дәріс тыңдады

2019 жылдың 16 қыркүйек 2019 19:51

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Саясаттанушы Расул Жұмалыұлы Республикалық жоғары медицина колледжінің 500 студентіне дәріс оқыды, шараны Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Саясаттанушы жастармен кездесуде халықтың әсіресе жастардың діни сауаттылығын көтеру қажеттілігін атап өтті.

«Ислам дініне қатысты түрлі алып қашпа әңгімелер бар. Батыста исламға қарама-қайшы көзқарас қалыптасқан. Айдап салу, келеңсіз сипат алу сияқты дүниелер бар. Бұл дұрыс емес. Исламның негізгі бағыты- ол адамгершілік, адалдық, иманға тоқтау, қайырымдылық жасау, қиналғандарға қол ұшын беру. Ислам дінін ұстағандар міндетті түрде хиджаб киіп, сақал өсіріп, балағын түріп жүру дегенді білдірмейді. Бұл адамның жәй ғана сыртқы келбеті»,- дейді Расул Жұмалыұлы.

Лектордың айтуынша, қазіргі таңда әлем 200 мемлекеттің ішінде 56 мемлекет ислам дінін ұстанады. Олардың ішінде демократиялық, зайырлы елдер бар.

«Еліміздің зайырлылығы мемлекеттік билік органдарының діни наным-сенімге көзқарасын айқындайды. Зайырлы мемлекетте мемлекеттік билік дін және діни бірлестіктерден бөлінген. Мемлекет дін ісіне, ал дін және діни бірлестіктер мемлекет ісі мен саясатқа араласпайды. Біздің конституция бойынша біз осындай мемлекетпіз. Десекте, дін сол елдің, қоғамның, сол мемлекеттің дәстүрінің, дінінің, ділінің бір бөлігі болғандықтан әрине мүлдем араласпайды деуге болмайды. Мемлекет бұл мәселелерді реттеп, қарап отыруы керек», - деді шығыстанушы.

Терроризм мен экстремизмнің алдын алуға арналған шарада жастарға жиһад сөзінің мағынасы түсінідірілді.

«Қазір «жиһад» деген сөзді естісек болды, бойымызды бірден қорқыныш пен үрей билейді. Мұның мағынасы бұрмалаған. Жиһад шын мәнінде жақсылыққа ұмтылу, өзіңді жетілдіру, еңбектену, талпыну, күресу деген мағынаны білдіреді. Ал, теріс ағымдағылар мұны басқа ұғымда пайдаланып жүр. Исламның өзі бағыну, құлшылық ету, бейбітшілікке тоқталу дегенді білдіреді», - деді саясаттанушы Расул Жұмалыұлы.

Лекция барысында студенттер өздерін толғандырып жүрген сұрақтар төңірегінде ойларын ортаға салып, пікір алмасты.


Жоғары қарай