Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 380.84
EUR 419.50
RUB 6.05
CNY 54.90

Алматыда «Kazakhstan Urban Conference 2019» конференциясы өтеді

2019 жылдың 11 желтоқсан 2019 15:48

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі Алматы қаласы әкімдігінің алаңында «Kazakhstan Urban Conference 2019» конференциясына арналған көшпелі баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған баспасөз мәслихатына Kazakhstan Growth Forum төрағасы Елдар Әбдіразақов, «Adam Damu» Еуразиялық гуманитарлық орталықтың» төрайымы Аида Әлжанова және Kazakhstan Urban Conference ұйымдастыру комитетінің мүшесі Арташес Григорьян қатысты.




Ұйымдастырушылардың айтуынша, ертең өтетін конференцияда «Алматы-2050» стратегиясы және қаланы дамыту мәселесі талқыланбақ.

«Біз зерттеулер жүргіземіз, шараларды, түрлі талқылауларды ұйымдастырамыз, жобаларды, білім бағдарламаларын ұсынамыз. Біз қаланы дамыту шаһардың, биліктің, бизнес-құрылымдардың бірлесіп атқаратын ортақ жұмысы екеніне сенеміз. Сондықтан Қазақстан қалалары тұрғындарының осыны түсінуін және процестерге белсенді түрде қатысуын қалаймыз», – деп атап өтті Kazakhstan Growth Forum төрағасы Елдар Әбдіразақов.




Елдар Әбдіразақовтың пікірінше, Алматы еліміздің бетке ұстар қаласы әрі халықтың тұруына ыңғайлы болуы керек.

«Қаланың әр ауданында халыққа қызмет көрсететін орындар болуы керек, адамдар қаланың бір шетінен екінші шетіне ағылып жүрмеуі қажет. Сарапшылар Алматының басты үш проблемасын атап отыр. Ол -экология, көлік кептелісі және қауіпсіздік мәселесі. Осы бағытта қазір жұмыстар жасалып жатыр. Сондай-ақ, қалаға ағылатын мигранттар саны да өсе береді. Өйткені оңтүстік аймақтағы Жамбыл, Алматы облыстарында еңбекақы мөлшері төмен, ондағы халық Алматыға көшуін тоқтатпайды», - деді ол.

Айта кетейік, қараша айының соңында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматының алдағы 30 жыл ішіндегі дамуының жобасын ұсынды. Оны нақты бекіту үшін талдаушы топтар, қоғамдық қорлар, түрлі сала сарапшылары және қала тұрғындары «Алматы-2050» даму Стратегиясы тұжылымдамасының жобасын белсенді түрде талқылады. Бұдан өзге, сайтқа бастамашыл қалалықтардан шамамен 1077 ұсыныс түсті.

Панельді сессия пікірталастарына шамамен үш жүздей адам қатысатын болады, олардың арасында азаматтық белсенділер, мемлекет қайраткерлері, бизнесмендер, сарапшылар және қоғам өкілдері бар.







Жоғары қарай