Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Алматыда имамдар біліктілігі бойынша бақ сынады

2019 жылдың 21 қыркүйек 2019 08:36

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Алматыда дәстүрлі «Елтаным» байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елтаным» жобасы Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Үш байлық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізіліп келеді.

Жоба аясында биыл 20-29 тамыз аралығында имамдардың біліктілігін жоғарылатуға бағытталған оқыту семинары өткен болатын.

Бұл семинарлардың қорытындысы бойынша 2019 жылдың 9 қыркүйегінде имамдардың алған білімдерін бағалауға бағытталған «Елтаным» байқауының қалалық іріктеу кезеңі өтті. Сол байқаудың қорытындысы бойынша 24 қатысушының ішінен 8 қатысушы шешуші кезеңге жолдама алған болатын.

Биылғы байқауда 8 имам бақ сынады.

Бірінші кезеңде әр қатысушының ұлттық салт-дәстүр мен ислам діні қағидаттарының үндестігіне қатысты білімі бағаланды.

Екінші кезеңде имамдардың қазақ даласына ислам дінін таратушы ұлы тұлғалардың еңбектері туралы білімдері таразыға түсті.

Үшінші кезең бойынша белгілі бір жағдаятқа байланысты имамдар уағыз айтты. Қазылар тіл тазалығына, ой жүйелілігіне, сөз қысқалығы мен мазмұнына баса мән берді.

Мазмұн тереңдігі мен әдеби тілдік норма да назардан тыс қалған жоқ.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Наурызбай ауданы Қарағайлы мешітінің Наиб имамы Темірбек Пернебекке бұйырды. Оған бас жүлде дипломы және 300 000 теңгенің сертификаты табысталды.

1-орынды Түрксіб ауданы Түрксіб мешітінің Наиб имамы Мирас Қасымов алды. Ол I дәрежелі диплом және 200 000 теңгенің сертификатына ие болды.

2-орынға лайық деп табылған Алатау ауданы, «Әл-Азим» мешітінің наиб имамы Жомарт Кершеевке II дәрежелі диплом және 150 000 (жүз елу мың) теңгенің сертификаты берілді.

3-орынға қазылар Әуезов ауданы Ақшай мешітінің Наиб имамы Қуаныш Әбішевті лайық деп тауып, III дәрежелі диплом мен 100 000 теңгенің сертификатын берді.

Сонымен қатар, 2 қатысушыға диплом және 75 000 теңгенің 2 сертификаты табысталды.

Тағы екі қатысушыға арнайы 2 диплом және 50 000 теңгенің 2 сертификаты табыс етілді.

«Басты мақсат қазақтың салт-дәстүрін білуі бойынша имамдар мен дін қызметкерлерінің білімін жетілдіру, ұлттық салт-дәстүрді және ұлы тұлғалардың дін жайындағы еңбектерін халық арасында насихаттау арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу болып отыр. Сонымен қатар, қазақтың салт-дәстүрлерін, ырым-тиымдарын білетін дін қызметкерлерін қолдау, қазақ даласына ислам дінін таратушы ұлы тұлғалардың еңбектерін көпшілікке насихаттау, жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруге ислам қағидаттары арқылы үлес қосу көзделген», - деді ұйымдастырушылар.

Байқау мерекелік концертке ұласты. Көрермендерге Жанту Дадабаев, Айдана Қабдылова, Рауан Ексілов ән мен күйден шашу шашты.


Автор Гүлмира Ғосманәли
Басты сөздер: Алматы, Дін,
Жоғары қарай