Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 28 °С
валюта бағамы
USD 386.34
EUR 427.25
RUB 5.88
CNY 54.57

Алматыда ағасына араша түскен жігітті өлтірген адам ұсталды

2019 жылдың 2 тамыз 2019 17:44 243

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қарт кісінің телефонын тартып алмақ болған адамға қарсылық көрсеткен жігіт кісі қолынан көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қайғылы оқиға бүгін Райымбек-Розыбакиев көшелерінің қиылысында болған. Бұл туралы видео Vkontakte желісіндегі «Я очевидец Алматы» паблигінде жарияланды. 

Полиция департаментінің хабарлауынша, Аносов көшесінің 53 жастағы тұрғыны аулада тұрғанда қасына бір мас жігіт келіп, телефонына таласа бастаған. Сол сәтте ер адам үйіндегі бауырын шақырған.

«Араша түспек болған жас жігіт пен бұзақының арасында төбелес болған. Кейін күдікті жас жігіттің жүрек тұсынан пышақ салған. Ол алған жарақатынан сол жерде көз жұмды. Полицияға хабарлама түскен соң оперативті қызмет өкілдері айналаны тінтіп шыққан. Қылмыскер жеке үйлердің бірінің моншасының төбесінде тығылып отырған жерінен табылды. Ол пышағымен полицияға қарсылық көрсетті. Алайда, бірнеше минуттан соң полиция оны ұстады», - деді Алмалы аудандық полиция басқармасының өкілі Таңат Назанов.

26 жастағы Талдықорған тумасы бұрын да бірнеше рет ұрлық жасағаны үшін істі болған.

Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті уақытша оқшаулау орнына қамалды.


Автор Гүлмира Ғосманәли
Басты сөздер: Алматы, Оқиға,
Жоғары қарай