Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Алматы зообағы басшылығы жануарлардың неден өлгенін түсіндірді

2019 жылдың 12 шілде 2019 15:08

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы зообағының ғылыми қызметкері Юлия Дудкина журналистермен кездесуде жануарлардың өлімі неден болғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олардың бірі - Гера есімді арыстанның абданы 5 айлығында 2019 жылы 28 наурызда зообаққа түскен.

«Жануар Қазақстанға әкелінгенде барлық ветеринарлық ережелер өрескел бұзылған. Оның құжаттары болмады. Жануардың генетикалық тарихын, оның ата-енесі қандай болғанын, кім баққанын біз анықтай алмадық», - деді Юлия Дудкина.

Жануардың төлқұжатын иелері ватсап арқылы жіберген.

«Төлқұжаты болмады. CITES (жабайы жануарларды халықаралық тасымалдау туралы конвенция) органының рұқсат құжаттары да болмады. Тек құтыру ауруынан екпесі болған. Бұл да тек ватсап арқылы келді. Жануар зообаққа келгенде ауру жұқтырып келген», - деді ол.

Юлия Дудкина қан талдауынан соң жануардың Панлейкопения дертіне (мысық обасы) шалдыққанын айтты.

«Жануар туа салысымен екпе алуы тиіс болатын. 21 күн ішінде карантинда жатуы шарт еді. Тәртіп бойынша біз жануарлардың генетикасын білуіміз міндетті. Туа бітті ақаулар жиі кездеседі. Ресейде сирек кездесетін жануарларды өсіріп, сатуды кәсіпке айналдырғандар өте көп. Олар жақын туыс жануарларды да будандастыра береді. Жануарлардың арасында туа бітті ақаулар пайда болатыны содан. Олар осылай ақша табады. Ешқандай зообақ өз қолында өскен жануарды жеке адамдарға сатпайды. Яғни, бұл жануар бізге қолдан келді», - деді Ю.Дудкина.

Зообақ жануарларының қатары тағы азайғаны рас.

9 шілдеде Асоль есімді арыстанның абданы өлген. Бұл жануар да зообаққа 18 маусымда әкелінген.

«Бұл жануардың да құжаттары болмаған. Екпе, паразиттерге қарсы профилактикалық шара жасалмаған. Арыстан бізге әкелгенде 7-8 айлық деді, алайда түрі 5-айлық күшікке ұқсап тұрды. Дамуында тежеу бары байқалатын. Орталық жүйке жүйесінің ауруы, бірқатар вирусты аурумен ауыратыны анықталды. Ұзақ жүре алмайтын, тырнақтары мен мұрты кесілмеген. Жануар негізінен фотосессия бизнесі үшін пайдаланылған», - деді ол.

Арыстанның абдандарынан бөлек зообақта 7 шілдеде 18 жасар керіктің ұрғашысы Грация өлді.

Ветеринарлардың айтуынша, Грация зообақта 18 жыл өмір сүрген.

«Грация бізге 2003 жылы ОАР зообағынан келген болатын. Осы уақытқа дейін бұл жануар 7 керік туып берді. 18 жас керік үшін егде жас. Шағылысу кезінде керіктің еркегі Грацияны жарақаттап қойған. Соның кесірінен жануарда тромб пайда болды. Кейінірек ол үзіліп кетіп, жануар инфаркттан өлді», - деді зообақ басшылығы.

Қазір 19 жасар жолбарыс Рада мүшкіл халде жатыр. Ветеринарлар эвтаназия қолдануды жоспарлап отыр. Себебі, жануар әбден қартайған.

«Бұл жас та мысық тұқымдастар үшін өте егде жас. Жабайы табиғатта жолбарыстар 15 жасқа дейін өмір сүреді. Орташа өмір сүру ұзақтығы 17-18 жас. Уақыт өте келе оның азу тістері мұқалып кетті. Қазір жануарды адам көп жүретін жерден оқшаулап қойдық», - деді Ю.Дудкина.




null

Автор Гүлмира Ғосманәли
Басты сөздер: Алматы, Экология,
Жоғары қарай