Ауа райы
Астана 33 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 384.87
EUR 432.52
RUB 6.11
CNY 55.95

Алматы облысының тұрғыны «Мейірбан ана» халықаралық орденімен марапатталды

2019 жылдың 14 маусым 2019 04:27 693

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы Жамбыл ауданының тұрғыны Әлия Әбсеметова әлемдегі біртуар әйелдерге ғана берілетін қоғамдық марапатқа ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, көпбалалы ана мұндай марапатқа аналық кең жүрегі үшін лайық деп танылған.

«Деде Горгуд» Ұлттық қоры мен «Азербайжан дүниясы» журналы тағайындаған «Mehriban Ana» («Мейірман ана») халықаралық орденін табыстау рәсімі Жамбыл аудандық әкімдігінің ғимаратында  өтті.

Шара барысында аталған қор президенті, «Азербайжан дүниясы» халықаралық журналының бас редакторы Эльдар Исмаилов пен қоғам қайраткері, әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, «Түркі әлемі» қорының мүшесі Насиха Кенжина Әлия Әбсеметованы «Mehriban ana» құрмет орденімен марапаттады. Сондай-ақ Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиевке құрмет дипломы табысталды.

Аудан әкімі екі ел арасындағы туыстық, достық қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті.

«Әзербайжан мен Қазақстан халықтарының арасындағы қарым-қатынастың тамыры тереңнен бастау алады. Әзербайжан біз үшін бауырлас ел, достығымыз жарасқан мемлекет. Сондай-ақ, Кавказ өңіріндегі басты серіктестеріміздің бірі. Екі ел арасында ежелден достық қарым-қатынас қалыптасып, қазірде ол достығымыз беки түскен. Арамызда еш уақытта саяси кикілжің туындаған емес. Ал Түрік әлеміндегі мұндай аса мәртебелі марапатқа біздің ауданның тұрғыны ие болғаны біз үшін нұр үстіне нұр болып отыр. Бұл біз үшін аса қуанышты жайт екенін атап айтқым келеді», - деді ол.

Атап өтілгендей, Әлия Әбсеметова жұбайы екеуі балалар үйінен жеті баланы өз қарамағына алып, қамқорлық көрсетіп отыр. Ол бүгінде тоғыз баланың анасы атанған.

«Мұнымен қоса, өзінің жаңашылдығының, белсенділігінің, еңбекқорлығының арқасында қоғамдық жұмыстардан да қалыс қалмайды. Түрлі әлеуметтік-қоғамдық іс-шаралардың белсенді қатысушысы. Қазақстан журналистер одағының мүшесі, волонтер, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII съезінің делегаты, облыстық Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі», - деді аудан әкімі.



null
Өз кезегінде Эльдар Исмаилов өздерін құшақ жая қарсы алған аудан әкіміне алғыс айтып, екі ел арасындағы қарым-қатынастың тарихына тоқталды.

«Гейдар Әлиевтің басшылығымен Әзербайжан қарқынды түрде дами түсті. Ал Қазақстан болса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Кезінде ТМД елдері Гейдар Әлиевті өте дана әрі көреген басшы, ақсақал ретінде құрметтеп, оның пікіріне құлақ асатын. Қазір мұндай құрметке Нұрсұлтан Назарбаев ие болып отыр. Түрік әлемі болсын, бүкіл әлем елдері болсын Назарбаевты өмірлік, саяси тәжірибесі мол, өз халқы мен елінің жағдайын жақсартып, бейбіт өмір сыйлаған тұлға ретінде сыйлайды. Бұл өңірді басшылықтың табысты жұмысы мен аудан тұрғындарының бірлігінің арқасында көркейіп отырған аудан ретінде жақсы білеміз. Біз түбіміз бір, түркілердің ұрпағымыз. Ал қазір бізді достық пен ынтымақтастық байланыстырып отыр. Әзербайжан халқының басына бұлт үйіріліп, қасірет шеккенде, қуғын-сүргін кезінде қазақ халқы бізге демеу болып, үлкен қолдау білдірді», - деді Э.Исмаилов.

 

 

 

 

Жоғары қарай