Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Алматы облысында заңды бұзғандар 121 млн  теңгеден астам айыппұл төледі

2020 жылдың 27 ақпан 2020 16:07

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында құқық бұзушылар мемлекет қазынасына 121 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл төлеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері облыс аумағында тіркелген әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 48 мың әкімшілік хаттама толтырылған. Бүгінгі күнге дейін облыс тұрғындары мемлекет пайдасына 121 миллион теңгеден астам айыппұл төледі»,- деп мәлімдеді Алматы облысы ПД ӘПБ аға инспекторы Ажар Рыспаева.

Полиция өкілінің ақпараты бойынша әкімшілік айыппұл салынған тұлға сол сәттен бастап 7 күн ішінде айыппұлдың 50 пайызын ғана төлеуге құқылы. Жеңілдетілген мерзім өтіп кеткен жағдайда, ол 30 күнтізбелік күн ішінде айыппұлдың толық сомасын өтеуге міндетті. Бір ай ішінде айыппұл төленбесе, полицейлер айыппұлды мәжбүрлеп өндіру үшін жеке сот орындаушыларының көмегіне жүгінуі тиіс.

«Күнделікті жұмыс барысында немесе халықпен кездесу кезінде тұрғындар тарапынан әкімшілік айыппұлдар мен оларды төлеу жүйесіне қатысты сұрақтар көп түседі. Осыған орай, біз БАҚ құралдары және әлеуметтік желі арқылы тиісті ақпараттандыру жұмыстарын жүргіземіз. Айыппұлдарды төлеу тәртібі мен әдістері толық жазылған көрнекі құралдар тиісті орындарда ілінген»,- деп толықтырды полиция подполковнигі Ажар Рыспаева.

Алматы облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, айыппұлдарды «egov» «Электронды үкімет» порталында, банктердің мобильді қосымшалары арқылы немесе «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінде төлеуге болады. Жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлдың төленгені туралы түбіртекті жергілікті Әкімшілік полиция бөлімшесіне көрсетудің артықшылығы жоқ.

Төленбеген айыппұлы бар бар тұлға қолданыстағы «Жол жүрісі туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуден, оның ішінде көліктерді есепке алу әрекеттерінен бас тартылатынын және мемлекет шегінен тыс шығуға тыйым салынатынын ұмытпаған абзал.

Автор Самал Қабышева
Басты сөздер: ҚР ІІМ, Қоғам, Алматы,
Жоғары қарай