Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Алматы облысында өрттен қаза тапқандардың отбасына көмек көрсетіледі

2019 жылдың 16 қараша 2019 16:54

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында үйімен бірге өртеніп кеткен отбасының жақындарына жергілікті билік көңіл айтып, қайғысына ортақтасты. Қара жамылған отбасына қажетті көмек көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еңбекшіқазақ ауданы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, үй өртенген кезде отағасы жұмыста болған. Ал 1985 жылы туған әйел 2008 және 2014 жылғы екі баласымен бірге үйде болған. Өкінішке қарай, үшеуі де тірідей жанып кетті. Оқиға орнынан олардың жартылай күйіп кеткен денелері табылды.

«Қара жамылған үйелменнің бір баласы ғана аман қалды. Ұл бала көрші көшеде тұратын ата-апасының қолында болған. Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ бастаған аудан басшылары отбасының жақындарына барып, көңіл айтты. Қажетті көмек көрсетіледі», - деп мәлімдеді Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің баспасөз қызметінен.

Қазір өрттің шығу себептері анықталу үстінде. Сондай-ақ аудан әкімі жергілікті жауапты мамандарға тұрғын үйлердің әрқайсысына барып, қысқа дайындығын тексеруді тапсырды.

Еске сала кетейік, кеше түнде Алматы облысында әйел мен оның екі баласы өрттен көз жұмған болатын.

Жоғары қарай