Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Алматы облысында қарақшылықты қолдан жасаған қылмыстық топ ұсталды

2019 жылдың 26 сәуір 2019 22:37

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Іле ауданының тәртіп сақшылары қарақшылықты қолдан жасаған қылмыстық топты ұстады , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 15 сәуір күні аудан орталығы Өтеген батыр кентінде тіркелген. 34 және 31 жастағы екі азаматқа жолда шабуыл жасалып, бейтаныс екі азамат олардың ірі көлемдегі ақшасын алып кеткен. Тергеу барысында олардың бір фирмада бірге қызмет атқаратыны және қаржы да сол фирмаға тиесілі екені анықталған.

«Зардап шеккендердің өздері оқиғаға қатысты куәлік сөздерінен жаңылысып, осы қылмысқа қатысы бар екенін білдіріп қойды. Жедел іздестіру шаралары барысында қарақшылық жасаған тағы екі сыбайласы ұсталды. Төрт күдікті бір-біріне өзара жақын таныс болып шықты. Фирманың 18 миллионнан астам қаржысын иемденгісі келгендер қарақшылықты өзара жоспарлаған. Күдіктілерден қаржының бір бөлігі мен ақша салынған сөмке тәркіленді»,- деп атап өтті ведомство өкілдері.

Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, дерекке қатысты қозғалған қылмыстық іс Іле ауданы полициясының өндірісінде. Аудандық соттың санкциясына сәйкес екі күдікті қамаққа алынып, солардың жоспарлауымен қылмысқа барған екі сыбайласы мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.

Жоғары қарай