Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 386.34
EUR 427.25
RUB 5.88
CNY 54.57

«Almaty Nomad» жастарды еліміздің көрікті жерлерін тамашалауға шақырады

2019 жылдың 17 шілде 2019 13:37 269

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «Almaty Nomad» саяхатшылар клубы «Туған жер: туған өлкеге саяхат» жобасы аясында жастарды Қазақстаның көрікті жерлерін тамашалауға шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туған жер: туған өлкеге саяхат» жобасы жастарға арналған. «Almaty Nomad» саяхатшылар клубы еліміздің көрікті жерлерін аралауды Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарынан бастады.

«Биыл - жастар жылы, сондықтан осы жолғы жобамыз жастарға арналады. Түркістан мен Батыс Қазақстанға саяхат жасап, күні кеше келдік. Ішкі туризмді жастар арасында насихаттау үшін 16 мен 35 жас аралығындағы адамдарды шақырдық. Оңтүстіктегі барлық тарихи жерлерді көрдік. Арыстанбаб кесенесінде, көне Отырар төбе тарихи кешенінде, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болдық. Жайықтың жағасында қыдырдық. Әйгілі күйші Дина апамыздың туған жеріне де ат басын тіредік. Қазығұрт тауына шығып, төбеден табиғатты тамашаладық»,-дейді «Almaty Nomad» саяхатшылар клубының директоры Мәдина Ашилова.

Ұйымдастырушылар саяхаттың екінші кезеңіне байқау жариялайды. Бұл жолы Солтүстік және Шығыс Қазақстанға жол тартпақ.

«Байқау шарттары қиын емес. Үміткер өзін таспаға түсіріп, не үшін барғысы келетінін түсіндіруі тиіс. Ең бастысы - ол өз елінің патриоты болу керек. Яғни, отандастары мен шетелдіктерге туған өлкенің кереметін жеткізе білуі қажет. Қазір жастар уақытының басым бөлігін әлеуметтік желіде өткізеді, барған жерлерінің суретін, видеосын салып отырса, бұл да - ішікі туризмді дамытудың бірден бір жолы», - дейді ұйымдастырушылар.

Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстанның тарихи жерлерін аралағысы келетіндер түсірген бейнежазбаларын aimatynomad@gmail.com сайтына жіберуі керек.

Жас саяхатшылардың жолы, жатын орны, тамағы тегін.

Жоғары қарай