Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі тағайындалды

2019 жылдың 8 сәуір 2019 19:40

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Сұлтанбек Мәкежанов Алматы қаласы Медеу ауданының жаңа әкімі атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауданның экс-әкімі Ержан Жылқыбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды.

Сұлтанбек Мәкежанов еңбек жолын 1983 жылы жол шебері болып бастады. Кейін инженер-геодезист, құрылыс учаскесінің шебері болды. 1985-1990 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Қазақстанның ЛКЖО-ның аудандық, қалалық комитеттерінде басшылық қызметтерде болды.

1990-2002 жылдар аралығында жеке секторда жұмыс жасады. «Астана Холдинг Банк» төрағасының орынбасары, «Казахинвест» корпорациясының вице-президенті болды.

Мемлекеттік басқару органдарында тәжірибесі мол. Маңғыстау облысы әкімі аппаратының басшысы, әкімнің орынбасары қызметтерін атқарды.

2005 жылдан бастап қала әкімі аппараты басшысының орынбасары, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, Медеу ауданының әкімі болды.

2016 жылдың мамырынан Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек аудан активімен жиын барысында жаңа әкімнің алдына бірқатар маңызды міндеттер қойды.

Медеу ауданы қаланың ғылым, білім және мәдени орталығы болып табылады. Мұнда Қазақстанның ғылым Академиясы, Республика Сарайы, Мемлекеттік Орталық музей, ірі парктер, кинотеатрлар, қала тұрғындары мен туристер тынығатын көрнекі орындар орналасқан.

Осыған қарай аудан әкімі ең алдымен абаттандыруға, орталық көшелердегі, парктердегі, алаңдардағы тазалыққа, нысандардың архитектуралық келбеттеріне бірінші кезекте назар аударғаны жөн.

Айта кетерлігі, биылғы жылы ауданда 7 парк пен сквер салу, 100 аулаға жөндеу жүргізу, Достық даңғылы мен Әйтеке би көшесін модернизациялау жоспарланған.

Дегенмен, ауданда орталықтандырылған су құбыры мен кәрізге қосылмаған тұрғын үйлер әлі де бар. Олар Каменское платодағы тұрғын кешені (1500 үй), Байқоңыр көшесі (көпқабатты 11 тұрғын үй), Бутаковка ықшам ауданы (250 үй), бұлардағы 8 мыңға жуық адам орталық жүйелерге қосылмаған.

Аудан әкімі қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасымен бірге осы тұрғын кешендеріне су және кәріз желілерін тарту мәселесін шешу шараларын қарастырғандары жөн.

Думан ықшам ауданының 30 мыңға жуық тұрғыны бар, биыл мұнда инженерлік желілерді тарту жұмысы аяқталғанымен, асфальт төселмей қалған. Аудан әкімі қалалық Мобилділік басқармасымен бірге 23 км жол мен тротуарды қалпына келтіруі тиіс.

Жоғары қарай