Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 387.48
EUR 428.98
RUB 6.05
CNY 54.93

Алик Шпекбаев «Халық заңгері» акциясы шеңберінде көкшетаулықтарды қабылдады

2019 жылдың 22 қараша 2019 21:55

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «Халық заңгері» акциясы шеңберінде Көкшетау қаласы тұрғындарын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, халыққа тегін заңгерлік көмек көрсету және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Көкшетау қаласында жалпы республикалық «Халық заңгері» акциясы өтті.

Халыққа жоғары білікті заңгерлік көмек көрсету үшін әртүрлі салалардан 36 кәсіби заңгер жұмылдырылды. Олардың ішінде танымал қорғаушылар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, әділет қызметкерлері, мемлекеттік органдардың басшылары болды.

Акцияға Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев және Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, түрлі мәселелер бойынша азаматтарға консультациялық көмек көрсетті.

Сонымен қатар, облыс тұрғындары еліміздің ең мықты қорғаушыларының бірі - Айман Омаровадан тегін кеңес ала алды.

«Аталмыш акция Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Zakon.kz желілік басылымының және «Параграф» ақпараттық жүйесінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді.

Облыс тұрғындары атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, сот актілерін орындау, салық аударымдары, әлеуметтік қорғау, жерге қатысты сауалдарын қойды.

Акция тек Көкшетау қаласында ғана емес, облыстың барлық аудандарында өтіп, соның арқасында шалғай өңірлердің тұрғындары да тегін білікті көмек алды«, - дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.




Жоғары қарай