Ауа райы
Нұр-Сұлтан 23 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 382.38
EUR 428.30
RUB 5.97
CNY 55.39

Әлихан мінген тарантас... - Өңірлік баспасөзге шолу

2019 жылдың 26 мамыр 2019 10:00 1473

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

 

Майлинның мақаласы табылды: «Орыс шовинизмі өршіп барады» - «Жетісу» газеті



null 

«Жетісу» газетінде журналист Серік Әбікеннің мақаласы жарық көрді. Автор архивтен ақтарып тапқан, кейін сақтап қойған «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған мақаланың жай-жапсары  туралы айта келіп, «На станции Уштобе развивается великодержавный шовинизм» атты мақаланың мазмұнын да ашып өтеді. Жазуынша, мақалада 1930 жылдары теміржолда істеген қазақтарға өктемдік жасалғаны туралы мәселе көтеріліпті.

«Мысалы, Алматыға тартып бара жатқан пойыздың Фердман деген машинисі Көккөзов деген қазандықшы қазақты сабап, айдалада отарбадан түсіріп кетеді, стансы бастығы Чернышев деген «Итте болғанша иесінде болсын» деп Көгенов деген қазақтың пальтосын сыпырып алып, орыс теміржолшыға кигізеді; Теміров деген жұмысшы бұранда бұраудан қолы үсіп, жақын жердегі үйшікке кіріп жылынады, ол жерде жайланып отырған орыс жұмысшы мұны жақтырмай сабап, темірмен ұрып тісін қағып алады... Карнецкий деген машинист көмекші қазақтарды паровоздан лақтыруды ермек етіпті».

Осыған байланысты орыс тілінде жазылған мақаладан сол қалпында мысалдар беріледі.  Қазаққа араша түсіп, орысша мақала жазған кім болды екен деп ойлаған автор, соңында «Жулаучи» деп өзін атағаны, оның Бейімбет Майлин екенін анықтап береді.

Оның айтуынша, XX ғасырдың бірінші жартысында Ілияс Жансүгіров «Матай», «Қаптағай», «Күйші», Әлихан Бөкейханов «Қыр қазағы», Мұхтар Әуезов «Қоңыр», «Екеу» дегендей бүркеншек есімдер қолданса, Бейімбет Майлин «Мырқымбай», «Малай», «Жолаушы», «Балықшы» деген есімдермен жазып отырған.  Сосын Майлин «Еңбекші қазаққа» газетінде 1934 жылы «Қазақ әдебиетіне» бас редактор болып тағайындалғанға дейін істеген екен.

«Биағаның мақаласы біраз жайтқа көз ашады: 613 адамның отыздан асар-аспасы ғана қазақ болуы жергілікті халыққа деген көзқарасты анық көрсетеді, советтік кинолардағы теміржол келіп малшы қазақтың көзі ашылды деген насихат - жалған. Коханов деген құрылыс басшысының 16 жасар бозбаланы әжетхана тазалаушы етіп қойып, басқа жұмыс сұраса «Боқ тазалағың келмесе басқа жаққа кет, жақсы жұмыс тауып ал!» деп жекіруі осыған куә болған қаламгердің жан-дүниесін алай-түлей еткені анық.  Байғұс қазақ қайда барсын? Бұл - өңірде ашаршылық айдаһардай ысқырып, жан-жағын жалмап жатқан уақыт еді» деп жазады автор.

Мақалада бұдан басқа да бірқатар деректер келтіріліп, Талдықорған маңындағы бірқатар көтерілістерден мәлімет беріледі. Қасаң замандағы өңір халқының басына түскен ауыртпашылық пен қудалауға қатысты архив деректерін алға тартады. Ал табылған мақала туралы: «Үштөбе стансысында ұлы орысшылдық шовинизмі өршіп барады» деп аталады екен. Советтік саясат соны «великодержавный» деп аудара салған. Төте және латын таңбасы қатар қолданылып, 1931 жылы, 9 наурыз, дүйсенбі күні жарық көрген газеттегі мақаланың тура төбесіне төте жазумен «Лениннің ұлт саясатын бұрмалатпаймыз» деп ұран жазыпты. «Жолаушының» мақаласы да Ахаңның әліпбиімен басылып, Үштөбедегі шовинизмді іреп салған. Сәл төменіректе тағы бір шағын мақала тұр. Тақырыбы «Ұлыорысшылдық ойы жайылып, жергілікті ұлтшылдықты қозғауда». Төңкерістегі кірмелердің өктемдігі қазақтың ашуын қоздырып, намысына тиіп жатқанын айтыпты. Авторы - «Тілші». Жазу мәнеріне қарасаң «Жолаушы» секілді» дейді.

  

Әлихан мінген тарантас - «Ortalyq Qazaqstan» газеті



null 

«Ақтоғай аудандқ мұражайдың ауласында тарантас тұр. Бұл тарантасқа бір кездері алаш көсемі Әлихан Бөкейхан отырып, ел аралап сапар шеккенін жұрттың бірі білсе, бірі біле бермейді», - деп жазады «Ortalyq Qazaqstan» газеті.

Мақалада осы тарантас туралы өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан ақсақалдың әңгімесі де беріліпті. Ақсақалдың айтуынша, 1921 жылдың шілде айында Әлекең елге оралады. 1922 жылдың қазанында абақтыға жабылғанға дейін туған жері Желтауда болады. Ел ішінде жүргенде Желтаудан Қарқаралы, Семейге Шабанбай бидің тікелей ұрпағы болып келетін Сәдуақас Әбілдиннің тарантас арбасымен қатынап тұрыпты. Сәдуақастың өз әкесі Әбілда бір қауым елді аузына қаратқан би болған адам. Осыған қарап құс салып, тарантас мінген тектінің ұрпағының тегін адам еместігін аңғарамыз. Күнқақты болып, қараусыз қалған көне жәдігерді Қауаз Мұқажанов ақсақал Сәдуақастың балаларынан аттай қалап алып, 2012 жылы мұражайға өз қолымен табыстаған екен.

Бұл ғаан емес мұражайда Әлиханның қарындасы Нұрбек пайдаланған ас табақ та бар екен.

«Мұражайдың қорында сақталған тарихи жәдігерлердің арасында Әлихан Бөкейханға қатысты мұраларды ерекше атап өтуге болады. Соның бірі - Әлекеңнің қарындасы Нұрбек пайдаланған ас табақ. Бұл табақтан Нұрбектің ағасы Әлихан Бөкейханның ас ішкені сөзсіз. Нұрбек анамызға тиесілі тұскиіз де осында ілулі тұр. Жәдігерлерді мұражайға апалы-сіңілі Қапураш пен Ғайныш Жаровалар табыстаған. Ақтоғайға келген қонақтардың ең алдымен табан тірейтін бірден-бір жері осы аудандық археологиялық-этнографиялық мұражай. Олар көбіне Алаш арыстарына қатысты деректер мен Әлихан Бөкейханнан қалған жәдігерлерге қызығушылық білдіріп жатады, - дейді Тәбарак Жармағанбетов».

Өскеменнің жасы нешеде?  - «Дидар» газеті



null 

 «Өскеменнің пәлен жылын тойлаймыз» деген сөз әр он жыл сайын бір шығады. Осы әңгіменің шеті шықса болды, берекесі айрандай ұйып отырған қала жұрты сиырдың бүйрегіндей бөлектеніп шыға келеді. Неге? Жауабы анық, бір тарап қаланың иесі - біз, іргетасын өз қолымызбен қалағанбыз деген өктемдігін көрсеткісі келсе, екінші тарап бұл үстемдік жарасына тұз себетін сыңайлы» деп жазады «Дидар» газетіндегі мақалада автор.

Айта кетерлігі, қазіргі күні Өскеменнің «300 жылдығын тойлаймыз» деген ойлар әлеуметтік желінің әр тұсынан айтылып қалып жатыр екен. Осыған байланысты мақалада Өскеменнің тарихы 300 жылмен шектелмейтініне, оның аумағында көне қаланың іздері сайрап жатқанына назар аудартылады. Өскеменнің тарихы қамал салынған 1720 жылдан басталмайтынына дәлелдер келтіріледі.

«Түптеп келгенде, Өскеменнің 300 жылдығы деген сайқал тойсымақтың арғы жағында орыс отарының 300 жылдығы деген жалмауыз ой жатқан жоқ па?! Айтпақшы, арғы бабасы Алтайды мекендеген көшпенді жұрт осы отарлық қамалдар құрыла салып қазақтың үштен екісін жалмаған әйгілі «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» дейтін нәубетті бастан кешті. Бұған дейін жоңғармен талай жойқын ұрысты көрген қазақтың барар жер, басар тауының жолында осы қамалдар тұрғандықтан, Сырға бет бұрды емес пе?! Одан кейінгі ашаршылық... соғыс... қазақтың қабырғасын қақыратқан тек осылар ғана ма еді?! Ол - басқа әңгіме. Біз Өскеменде орыс отарлауынан бұрын да өркениет болғанын түсіндірейікші, білсін білмейтіндер» деп жазады автор.

Мақалада «Өскеменнің жасы нешеде?» деген сұраққа бірқатар дәлелдер келтіріледі. Түрлі археологиялық қазба жұмсытарының нәтижесінде табылған құнды айғақтарға да шолу жасалады.  Осылайша Өскеменнің тарихи үш ғасырмен шектелмейтінін, осы өңірдегі 1000 жыл бұрынғы халықтың бұйымдары сақталғанын, тіпті тарих одан да арғыға кететіні жазылады.

«Басқа қалалар 1000 жылдықтарын атап өтіп жатқан кезде, Өскемен тарихы одан әріге кетуі мүмкін. Тек қимақтар дәуірінен бері 11 ғасыр өтіпті. Ойлы оқырман, өзіңіз айтыңызшы, Өскеменнің 300 жылдығын тойлайық па, әлде түркілердің түп мекені болған арда Алтайдағы бас қаланың мың жылдығын тойлаймыз ба?!» деп жазады автор Мұратхан Кенжеханұлы.

 

  Ескі шағатай тіліндегі кітапты 600 мың теңгеге сатпақшы- «Замана» газеті



null 

Таяуда шағатай тіліндегі қолжазбаның 600 мың теңгеге сатылатыны туралы жарнама шыққан екен. Мақалада автор осы жарнаманы берушімен сұхбаттасып, құнды қолжазбаның мән-жайын біліпті.

«Хижра жыл санағы бойынша 1280 жыл деп көрсетілгеніне қарағанда, оның басылып шыққанына кемінде 200 жылдай уақыт өтсе керек. Бұл кітапты әжемнің оқып жүретіні есімде. Ол кісі қайтыс болғасын оны әкем оқып жүрді» депті жарнама беруші.

Ол бұл кітаптың мазмұнын қазір көп адам түсіне бермейтінін, әкесі қайтыс болғалы кітап оқылусыз тұрғанын айтып, онда әулиелер туралы, шариғат жайында уағыздар жазылғанын естігенін жеткізеді.

«Мен мұны тарихи жәдігерлерді бағалайтын, сақтай білетін адамның алғанын қалаймын. Хабарласқандармен бағасын келісуге болады», депті ол.

Мақалада шағатай тілі туралы да мағлұмат беріледі.

 «Әкесі құстан, шешесі тышқан»... - «Арай» газеті



null 

Мақала негізінен аралас неке мәселесі туралы. Автор онда соңғы уақытта елімізде аралас некенің белең алып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, мұны қазақ халқына төнген қауіп ретінде қарастырады. Мұны ұлт басындағы қайғы-қасірет ретінде көрсеткісі келеді. Сонымен қатар, мақалада интернеттен алынған бірқатар мәліметтер келтіріліп, оқиғалар жазылады. Шетелдікке күйеуге шығып алданған, тағдыры тәлкегіне ұшыраған қазақ қыздары туралы айтылады. Тұтастай алғанда, мақала авторының пайымынша, аралас неке қазақтықты бұзады, ондай отбасындағы ұрпақ салт­дәстүрден қағылады. Ең бастысы аралас неке саны аз ұлттың басына қасірет әкелетінін алға тартады.

«Дәл қазір аралас неке біз үшін үлкен проблемаға айналды. Мәселен, КСРО заманында Қазақстанда әрбір жетінші неке аралас жағдайда болыпты. Тәуелсіздік алған уақыттан бері, айталық 2010 жылы 90 873 жас шаңырақ көтерсе, оның 18 477-сі аралас неке, яғни 20 пайыз. 2017 жылы отбасын құрған қазақтар 52 636 болса, аралас некеге тұрғандары - 3 927. Сэм Харисон: «Әрине, адамның кімге үйленуі - әркімнің өз еркіндегі шаруа. Алайда аралас неке - аз халықты жұтудың жақсы жолы» депті. Шынында да бұл сөздің жаны бар» дейді автор.

Пластикалық отаға тыйым салу керек пе?  - «Сарыарқа самалы» газеті



null 

Павлодар облыстық газеті қауіпті саналатын пластикалық отаның қалыпты жағдайға айналып бара жатқанына алаңдапты. Автор мәселені шариғат тұрғысынан саралап, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы жақында денсаулықты түзетуге қатысы жоқ пластикалық ота жасауға тыйым салу туралы пәтуа қабылдағанын алға тартады. Осыған байланысты мұндай талап біздің елімізде енгізілуі тиіс пе деген сауал тасталып, сарапшылар пікірі беріліпті.

«Алаң» айдарындағы пікірінде дін өкілі пластикалық оталар харам саналатынын алға тартыпты. Пластикалық ота ғана емес, жасаенды сұлулықтың да дінге қайшы тұстары бар екен.

«Бүгінде кейбір мұсылман әйелдері жасанды кірпік пен тырнақ жалғауға әуес. Ислам шариғатында тырнақ жалғау былай тұрсын, тырнақты өсірудің өзі күнә. Ендеше, хақ дінімізде харам саналған істерден аулақ болайық, ағайын дегім келеді. Ал адамның бет-әлпеті отқа күйіп, кірпігі түсіп, көріксіз жағдайға душар болса немесе ауру салдарынан сырт келбетінде кемістік пайда болса, оның орнын толтыруға рұқсат етіледі. Өйткені, шариғатымыз адамның ағзасында қандайда бір ақау, науқастық пайда болса, оның емделу жолын қарастыруды міндеттейді. Бірақ, бұл жағдай мен сәндік мақсатта жасалатын іс-шаралардың жөні бөлек екенін естен шығармау керек» депті дін өкілі.

Ал сән салонының қызметкері керісінше пластикалық отаға тыйым салуға қарсы. Оның пікірінше, пластикалық ота жасатудың да өз себептері болады. Ондай пікірді хирург дәрігер де қолдапты, яғни тыйым салмас бұрын оның нақты қандай мақсатпен жасалатынын анықтап алу керек.

Бөкей ханның есімін ұлықтай алмай жүрміз   -  «Орал өңірі» газеті



null 

 «Бөкей ханның еліміз тарихында алатын орны өте зор.Егер Бөкей сұлтан дипломатиялық жолмен І Павел патшаның тілін тауып, 1801 жылы Еділ мен Жайықтың аралығына көшпегенде, бүгінде осынау аумақтың кімнің қолында қалары белгісіз еді. Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының көптеген жері қазақ ханының көрегендігінің арқасында халқымыздың мәңгілік қонысы болып қалды. Сондықтан Бөкей ханның біздің өлке үшін жасаған еңбегі өлшеусіз дер едік» деп жазыпты «Орал өңірі» газеті.

Мақалада Бөкей хандығында қазақтар отырықшылық өмір мен еуропалық өркениетке бет бұрғаны, мектеп, қазынашылық банк, музей, аурухана, дәріхана, баспахана және басқа тарихи орындар алғаш рет бой көтергені айтылады. Автордың жазуынша, Бөкей ханның есімі Орал қаласымен де тығыз байланысты: 1812 жылы осында Бөкей хан ретінде көтеріліп, сол орын әлі күнге дейін Хан тоғайы деп аталады.

«Ел тарихында есімі құрметпен аталатын Бөкей ханды әлі күнге дейін толық ұлықтай ала алмай келеміз. Сондықтан, біздер, бөкейліктер Зашаған  кентінің атауын Бөкей хан деп өзгертудің уақыты келді деп есептейміз. Мұны Ақ Жайық жұртшылығы қолдайды деп сенеміз. Бұл атау Зашағанға үйлесер еді. Ең алдымен Хан тоғайынан кейін Бөкей хан кенті басталар еді. Оның орталық көшесі Жәңгір хан атында. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті де осында орын тепкен. Сол себепті Жайықтың оң жақ бетінде орналасқан кентке Бөкейдің есімін беріп, Желтаудың алыстан көрінетін биіктеу жеріне ханның еңселі ескерткіші орнатылса, бұл баба алдындағы перзенттік борышымыздың өтелгені болар еді»...

 

 

 

 

Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Басты сөздер: БАҚ, Қоғам,
Жоғары қарай