Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Әлидің арманы: Қазақстандық «Ник Вуйчичтің» отбасы баспаналы болды

2019 жылдың 18 мамыр 2019 20:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Аяқсыз туған елордалық балақай Әли Тұрғанбековтың отбасы баспаналы болды. Бұл туралы баланың анасы Ақмарал Әміреева Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дәл қазір бойымды кернеген сезімді жеткізу үшін ұзақ ойландым. Біз Нұр-Сұлтанға көшеміз деп шешкен кезде баспана алу оңай болмайтынын түсіндік, алайда біздің басты мақсатымыз - Әлидің оқуына, дамуына, құрбы-құрдасымен араласып, тиісті реабилитациядан өтуіне мүмкіндік беру еді», - деп жазады Ақмарал Әміреева.

Әлидің анасының айтуынша, арманының орындалуына елорданың қос әкімі де үлес қосқан.

«Жазып отырып, әлі сене алар емеспін. Өз үйімнің табалдырығын алғаш аттаған сәтім анық есімде болса да, сенбеймін. Әуелі біздің проблемамызға қаланың бұрынғы әкімі Әсет Исекешев назар аударып, көмек көрсетем деді. Біз мұндай мәселенің оңайшылықпен шешілмейтінін түсінетінбіз, сондықтан сабырмен күттік. Белгілі бір қиындықтар болды, дегенмен, қала басшылығы ауысса да, біздің мәселеміз назардан тыс қалған жоқ. Міне, сөйтіп Бақыт Сұлтанов істі соңына дейін жеткізіп, ақыры үйлі болдық. Ал «Базис-А» құрылыс компаниясы пәтерге жөндеу жұмысын жүргізіп, ұлым емін-еркін қозғалып, күнделікті тұрмыстық істерді оңай атқаруы үшін бейімделген орта жасап берді», - дейді қуанышын бөліскен ана.






Пәтер Әли Тұрғанбеков оқитын мектепке жақын маңда орналасқан. Ең қызығы - балақай бұрын дәл осы үйде өз пәтеріміз болса деп армандаған екен.

Сондай-ақ, Ақмарал Әміреева көмегін аямаған бірқатар азаматтарға алғысын жаудырып, рахметін айтты.

«Мәулен Әшімбаевқа, 3 бөлмелі пәтердің бағасына 50 пайыз жеңілдік жасаған «Базис-А» компаниясына, жолдасым 18 жылдан бері еңбек ететін, 15 жылға 15 млн теңге пайызсыз несие берген «Қазақтелеком» ұжымына алғысым шексіз. Әрине, қаланың қос әкіміне де шын көңілмен ризамын. Әли айтқандай, біз енді пәтер жалдап, бекерге ақша жұмсамаймыз, өз үйімізге ақша төлейміз», - деп жазады Ақмарал Әміреева.

Еске сала кетейік, бұған дейін аяқсыз туған астаналық оқушы Әли Тұрғанбеков аты аңызға айналған футболшы Диего Армандо Марадонамен кездесіп, оған шапан жапқан. Сондай-ақ ол белгілі оратор Ник Вуйчичпен де жүздескен болатын.

Бүгінде Әли Тұрғанбеков түркиялық мамандар әзірлеген протез аяқтармен жүріп-тұруды үйреніп жүр.

Жоғары қарай